фото: pixabay.com
Шетелде тұрып жатқан отандастарымыз үшін төл тілін ұмытпай, түпкі мәдениетті сақтау басты мәселе. Сол үшін белсенді азаматтар түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Оларға Елшілік те қолғабыс етеді. Мәселен, Вашингтонда тіл үйрету сабақтары мен домбыра үйірмесі жұмыс істейді. Әзірге топтар балаларға арналған. Алдағы уақытта ересектер тобын ашу жоспарда бар екен. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бексұлтан Сейдулла Фулбрайт бағдарламасымен магистратураға түсіп, былтыр Вашингтонға келген. Осыған дейін Францияда жоғары білім алып, Қазақстанда қызмет еткен талапты жас мектеп кезінен домбыра тартады. Мұхиттың арғы жағына сүйікті аспабын ала келген. Жоғарғы оқу орынында білімін жетілдіріп қана қоймай АҚШ-та тұрып жатқан қазақ балаларына домбыра үйретіп, ұлттық мәдениетімізді бойларына сіңдіргісі келеді.
"Францияда оқуда жүрген кезімде балаларға неге домбыра сабақтарын үйретпеске деген сұрақ қойдым өзіме. Бұл сұрақ кішігірім домбыра үйірмесіне айналып, екі жылдай жалғасты. Содан кейін Вашингтонға көшіп, домбыра сабағын жалғастырайын деп елшіліктің қызметкері Өтегенов Ерланмен бірігіп, кішкентай домбыра үйірмесін, сенбілік тобын аштық".Домбыра үйірмесінің ұстазы Бексұлтан Сейдулла
Шәкірттеріне жеңіл туындыларды үйретуден бастаған Бексұлтан болашақта "Адай", "Еркесылқым", "Балбырауын" күйлерін үйретіп, мерекелік шараларға қатыстыруды мақсат етіп отыр.
Ал 500 ғалым жобасымен тағылымдамадан өтуге келген Гүлмира Тастемірқызының қазақ тілі үйірмесін жүргізгеніне 2 айдай болып қалды. Білікті ұстаз балаларға сабақты ойын түрінде қызықтырып өткізуге мән беретінін айтады.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через