фото: pixabay.com
Алматы облысындағы «Алтын Орда» базарына қатысты дау әлі басылар емес. Жаңа павильонға әрқайсысы миллиондап құйып, енді тиісті орнына жете алмай сабылған саудагерлер полиция департаментінде шу шығарды.
Кәсіпкерлердің тергеуге көңілі толмай отыр. Арыз былтыр жазылса да, әлі күнге дейін ешкім зардап шегуші ретінде танылмапты. Ал саудагерлер қыруар қаржыны қалтаға басқандар еркіндікте тайраңдап жүр деп қапалы.
Әдетте базар басында шу шығаратын саудагерлер бұл жолы полиция департаментінің алдына жиналды. Тәртіп сақшыларына кәсіпкерлердің сұрағы көп. Бірақ әлі жауап ала алмай келеді.
Гүлайым Сыйазбай, кәсіпкер: — Зардап шект деген жарлық берілу керек. Ол құзырлы органдарға тамыз айынан бастап жазылып жатыр. Міне, еш құжат жоқ. Түсінбеймін, халықты кім қорғайды? Құзырлы органдар қорғай ма, халық кімге бару керек?
Саудагерлер 2022 жылы жаңа павильонға қаражат құя бастаған. Өз есебінше, 300 адам бір жарым миллиард теңге жинаған. Нысан негізі былтыр аяқталуы керек еді. Бірақ базар басшылығы ауысып кетіп, тоқтап қалған. Енді кәсіпкерлер не өзіне тиесілі орнына, не ақшасына жете алмай жүр.
Бауыржан Рахалиев, адвокат: — Әлпиевтан басқа, Маржан, Бекет деген кісілер бар. Оларға да арыз жазсақ, олар қосымша ақша алған, «қосымша ақша берсеңдер ғана бутик береміз» деген. Сосын сүрілуге кеткен бутиктардың паспортының түпнұсқасын тартып алып, бермей кеткен.
Осыған дейін «Алтын орданы» басқарған компанияның өкілдері де төбе көрсетті. «Ақша өзге компанияға құйылды» деп, өздеріне шаң жуытпады. Көңілі күпті саудагерлерді тек полицейлердің берген уәдесі сабырға түсіргендей.
Серік Шалқаров, Алматы облысы ПД бастығының орынбасары: — Зардап шеккендерді мойындап, ендігі аптада, қайсы күнді айтасыздар, сол күні қайта жиналайық. Соған дейін тергеуге тапсырма береміз. Әрқайсысын зардап шегуші ретінде танып, бәріне шешімі беріледі.
Қазір аталмыш іске қатысты "алаяқтық" бабымен тергеу жүріп жатыр. Бұрынғы директоры Данияр Әлпиев өткен айда ұсталған. Саудагерлер осы мәселеге қатысы бардың бәрін заң жүзінде жауапқа тартуын, сонымен қатар миллиардтардың қайда кеткенін анықтауды талап етіп отыр.
Дереккөз ktk.kz.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через