фото: ҚР ТЖМ телеграм арнасы
Алматыдағы Ақсай өзенінде сел бөгетінің құрылысы кезінде жол берілген заңбұзушылықтар салдарынан 30 мың алматылықтың өміріне қауіп төніп тұр. Бұл туралы «ҚазСелденҚорғау» мемлекеттік мекемесінің бастығы Арман Ахметов мәлімдеді, деп хабарлайды «Сапалы Қазақстан» порталының тілшісі.
Арман Ахметовтың айтуынша, Ақсай өзені Алматыдағы сел қаупі бар өзендердің бірі. Ақсай өзенінің жоғарғы ағысында 25 мұздық және 20 мореналдық көлдер бар.
Ақсай селді ұстау бөгетінің құрылысы сел аймағында орналасқан халық пен шаруашылық нысандарының өмірін сақтау үшін аса маңызды.
«Қазіргі уақытта мердігер өз міндеттемелерін орындамағандықтан нысанның құрылысы тоқтатылып, тиісті келісімшарт бұзылды. Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арыновтың бастамасымен біз Қаржы мониторингі агенттігіне процессуалдық шешім қабылдау үшін тиісті материалдарды тапсырдық. Сел қаупі аймағында 30 мыңнан астам адам бар. Егер Ақсай өзенінің бойында топырақ жылжыса, лай массасы жиналып, сырғысы аяқталмаған бөгеттің жарылып кетуі, соның кесірінен сел жүруі мүмкін. Бұл ретте құрылысы сапасыз салынған нысан үлкен қауіп төндіреді», - деді Арман Ахметов.
Сонымен бірге, спикер қазіргі уақытта мореналық көлдер қысқы режимде екенін, сондықтан көлдердің жарылып кету қаупі жоқ екенін айтты.
Бұдан бұрын Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚҚА) баспасөз қызметі хабарлағанындай Алматыда ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазселденқорғау» ММ-мен келісім-шарт жасаған мердігер ұйымның директоры М. Қазақстан бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген.
«Ақсай өзені алабында селді ұстау бөгетінің құрылысы» жобасын ЖШС жүзеге асырды. ЖШС-нің жауапты тұлғалары алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде бюджет қаражатын ұрлады деген күдікке ілінген. Келтірілген шығынның алдын ала сомасы 775 миллион теңгеден асады», - делінген ведомствоның баспасөз қызметінің хабарламасында.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через