Алматыда қатты желдің салдарынан қасбеті жартылай құлаған үйдің тұрғындары үйдің қасбетін қайта жаңғырту үшін өтінім берді. Бұл туралы Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімдігі мәлімдеді.
Әкімдіктің мәліметінше, бүгін сағат 13:30 шамасында қатты желдің салдарынан Әуезов ауданындағы 1 шағынауданындағы үйдің қасбеті жартылай құлаған.
«Бұл үйді 2015 жылы «Nest Stroy» ЖШС пайдалануға берген болатын. 5 жылға созылған кепілдік мерзімі аяқталған. Тұрғындар «Тұрғын үй» ЖШС арқылы үйдің қасбетін жаңғыртуға өтінім берді. 15 мамырдан бастап жобалау-сметалық құжаттаманы жасау жұмыстары басталады. Қазіргі уақытта Әуезов ауданының коммуналдық қызметтері аумақты жинау жұмыстарын жүргізіп жатыр», - деп хабарлады Әуезов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ құрылыс салушы «Nest Stroy» ЖШС компаниясы қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін қаржылық көмек көрсетеді деген уағдаластыққа қол жеткізілді. Жұмыстарды үшінші тарап компаниясы жүргізеді және қысқа мерзімде жұмысқа кіріседі.
«Айта кетейік, пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың иелері кондоминиум нысанының ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізуді қосқанда, кондоминиум нысанының ортақ мүлкін күтіп-ұстау және оның қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауға міндетті», - деп ескертті әкімдікте.
Дереккөз ҚазАқпарат. Фото smi24.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через