Алматыда КСРО Халық әртісі Роза Бағланованың ескерткіші ашылды

Алматыда КСРО Халық әртісі Роза Бағланованың ескерткіші ашылды
фото: https://sputnik.kz

Алматыда КСРО Халық әртісі Роза Бағланованың ескерткіші ашылды

Ескерткіш көрнекті опера және эстрада әншісінің 100 жылдығын мерекелеу аясында Төле би көшесі мен Қалдаяқов көшесінің қиылысында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы ғимаратының алдында орнатылды.

Ескерткіштің ашылу салтанатында алғашқы сөзді Алматы әкімі Ерболат Досаев сөйледі.

"Қазақтың кәсіби ән өнері дегенде, біздің есімізге ең алдымен түсетін санаулы ғана есім бар. Олар аттары аңызға айналған – Күләш Байсейітова, Ермек Серкебаев және бүгінгі ескерткіші ашылғалы отырған Роза Бағланова. Бұл ескерткіш жеке адамға ғана емес, ұлтымыздың ән өнеріне, тұтастай қазақ мәдениетіне қойылып отырған ескерткіш! Қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін бой көтеріп отырған бұл ескерткіш жақсылықтың жаршысындай болып, айналасына жылуын шаша берсін!", — деді Досаев.

Қонақтардың арасында Алтынбек Қоразбаев, Ақұштап Бақтыгереева, Нұрлан Оразалин, Әлібек Дінішев және өзге де қонақтар, қала тұрғындары бар.

Айта кетері, еңселі ескерткіштің авторлары – Ешкенов Ғазиз, Жамхан Айдар және Ақжолтай Ұлағат.

Күміс көмей әншінің өмір жолы

Халық Қаһарманы, "Тарлан" сыйлығының иегері, шетелдіктердің өзі қазақтың қызғалдақ гүліне теңеген Роза Бағланова 1922 жылдың 1 қаңтарында Қызылорда облысы Қазалы қаласында дүниеге келген.

Мектеп бітірген соң 1939 жылы Роза Қызылорда педагогика институтына түседі, бірақ кенеттен әкесі қайтыс болып, туыстарды жағалап, тұрмыстық жағдайға байланысты сол жылы Ташкент тоқыма институтына ауысады. Әншінің бойжеткен шағы ашаршылық пен аласапыран жылдарға дөп келеді. Ташкентте жүргенде ол ерекше дауысымен бірден көзге түседі.

"Үйдің тіршілігін жасай жүріп, ән салатын әдетім бар еді. Әлі есімде, есіктің алдын сыпырып жүріп әндеткен қыздың дауысын естіп, өзбек филармониясының директоры "Ән айтқан кім?" деп іздеп келді. Менің әншілік өмір жолымды, бағымды ашқан сол Кари Якупов әка еді. Содан Кари әканың көмегімен Ташкент филармониясындағы мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінде әнші болдым. Одан соң 1941 жылы Москва консерваториясына жолдама алғанымда соғыс басталып кетті", - дейді Роза Бағланова бір сұхбатында.

Роза Бағланова Ұлы Отан соғысы жылдары майданды аралап, өнер көрсетіп, 1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатысқан. Бірақ ол барлық концертте Өзбекстан атынан шығып жүреді. Бір күні Өзбекстандағы керемет әнші қазақ қызы туралы Жұбан Молдағалиев естиді. Роза Бағланованың Отанына оралуына тікелей себепші болған да осы кісі. Қазақ ақынының қолдауымен 1949 жылы Роза Бағланова елге оралады.

Роза Бағланова 1947-1949 жылдары Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының әншісі, 1949-1960 жылдары Жамбыл атындағы республикалық филармониясының солисі болды. 1960 жылдан бастап "Қазақконцерттің" әнші-солисі, жетекші сахна шебері болып қызмет етті.

КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Халық Қаһарманы Роза Тәжібайқызы Бағланова 90 жасқа қараған шағында 2011 жылы 8 ақпанда дүние салды.

2022 жылы Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толды. Бұл дата ЮНЕСКО-ның даталар күнтізбесіне енгізілген.

Мәдениет және спорт вице-министрлігінің, әншінің мерейтойына арналған жоспар 41 тармақтан тұрады. Қазақстан өңірлерінде 400-ге жуық іс-шара өткізу жоспарланған, оның ішінде республикалық деңгейде 25 іс-шара өткізіледі. Ал халықаралық деңгейде 5 іс-шара өткізу көзделген.


Мәтіндегі ақпарат туралы