Есентай өзенінің арнасын балшық, шөгінді, тас және қоқыстан тазарту басталды.
Есентай өзенінің бетонды каналын тазарту жұмыстары Абай даңғылынан Сәтбаев көшесіне дейінгі учаскеде басталды. Аталған учаске «Қазселденқорғау» ММ экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының қарауына берілді.
«Соңғы рет өзен арнасын кешенді тазарту және жағалауды жөндеу жұмыстары 10 жылдан астам уақыт бұрын жүргізілген. Соның салдарынан төселген қима тас әбден ескірген. Бұрынғы жылдары өзен арнасын тазарту судың өтуін қамтамасыз ету үшін кезеңмен жүргізілді. Өзен арнасын зерттеу кезінде биіктігі 1,5 метрге дейін лай мен қоқыстың едәуір жиналғаны байқалды. Арнаны бұлардан тазарту үшін ауыр арнайы техниканы тарту қажет болды»,- деп хабарлады қала әкімдігінен.
Бұл учаскеде өзен арнасына мамандандырылған техниканың жүруі технологиялық жағынан қарастырылмаған: кірме жолдар жоқ немесе апатты жағдайда болған. Бүгінде жұмыстарға 2 шағын жүк тиегіш, экскаватор және ауыр техника жұмылдырылды. Есептік деректерге сәйкес Абай даңғылынан Сәтбаев көшесіне дейінгі учаскедегі тұнба мен құмның көлемі – шамамен 3,5 мың текше метр.
Тазалау жұмыстары 1 мамырға дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Есентай өзенінің әл-Фараби даңғылынан Рысқұловқа дейінгі арнасын күрделі жөндеудің жобасы әзірленіп жатыр. Жоба аясында қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін өзен жағалауын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, серуендеу аймағы ұйымдастырылады.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через