Қазақстан бойынша 5 880 отбасы іріктелді, соның ішінде Алматы қаласы бойынша – 677 адам.
2022 жылдың 20 маусымы мен 19 шілдесі аралығында "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша іріктеуден өткен 677 алматылық жылына 2% мөлшерлемемен пәтер сатып ала алады. Бүгін пәтерді брондау басталды.
Ипотекаға пәтер сатып алуы үшін үміткерлер 2023 жылдың 16 қаңтарында сағат 10:00-ден бастап 31 қаңтар сағат 23:00-ге дейін otbasybank.kz порталында өздеріне ұнаған пәтерді таңдап, оған бронь жасауы тиіс. Барлығы 905 пәтер бар, шаршы метр құны – 272 мың теңге.
"Алматыда несиенің ең жоғары сомасы – 15 млн теңге. Егер баспана құны бұл сомадан асып кетсе, бағдарламаға қатысушы айырмашылықты өз есебінен өтейді. Ал бір пәтерді бірден бірнеше қатысушы брондаса, онда басымдық тұрғын үй кезегіне бұрынырақ тұрған үміткерге беріледі. Жалпы, қала әкімдігі "Жас қанат" шағын ауданында 3 116 пәтерлік 41 тұрғын үй салып жатыр. Қазірдің өзінде 1 029 пәтерлік 14 үй пайдалануға берілді. 2022 жылы бюджеттен бұл мақсатта 51 млрд теңге бөлінді", – делінген хабарламада.
2022 жылдың қыркүйегінде қабылданған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес "Бақытты отбасы" бағдарламасының шарттарына өзгерістер енгізілді. Аталған өзгерістер болашақта жеңілдетілген шарттармен несие алуға үміткер атана алатын азаматтардың санаттарына қатысты. Бұл – "жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар", сондай-ақ "I және II топтағы мүгедектер" санаттары бойынша баспана кезегінде тұрған қазақстандықтар. Олар "Бақытты отбасы" бағдарламасына келесі байқау жарияланған уақытта қатыса алады.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через