фото: almaty.tv
Қаланы безендіру ісіне 500 миллионнан аса қаражат жұмсалған
Жүздеген декоративті конструкция, жарқыраған гирлянда, 60-қа жуық жасанды шырша мен жарық иллюминациялары. Биыл жаңа жыл қарсаңында Алматының сырт-келбетін әсемдеуге ерекше көңіл бөлінген.
Биыл мегаполисті безендіруде жарық композицияларының бірыңғай стильде болуына басты назар аударылған. Дизайн бойынша негізгі жұмыс желтоқсанның ортасында басталды. Ал безендірумен кімдер және қандай компания айналысатыны ашық конкурс негізінде белгілі болды.
– Бүкіл ауданда, Алматыда шыршалар қойылады. Қаланы безендіру ісіне белсенді бизнес өкілдері атсалысып жатыр. Сонымен қоса қаламыз бойынша 60-қа жуық шырша қойылады. Бүкіл 8 ауданда қыстық фестиваль ұйымдастырылады, – деді Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.
Сондай-ақ қаражат үнемдеу мақсатында былтырғы безендіруден қалған кей жарамды конструкциялар қайта пайдаланылған. Әрбір аудандағы адам көп жиналатын орындарға инсталляция, иллюминациялар мен фото-аймақтар орнатылған.
– 300-ден аса адам қаладағы безендіру жұмыстарын дайындауға жұмылдырылды. Өте қиын болды. Себебі сол күндері қаладағы ауа райы қандай болғаны өздеріңізге де белгілі. Бірақ 5 күнде барлық жұмысты аяқтадық, – деді мердігер компанияның атқарушы директоры Назима Ерәлиева.
Қаланы жаңа жылдық безендіруге 3000-ға жуық шағын және орта бизнес өкілдері үлес қосқан. Әсіресе кешқұрым серуендегенде қаладағы ғимараттардың мерекелік безендіруге баса назар аударғанын аңғаруға болады.
– Алматыда тұрамын. Өте керемет. Әдемі безендіріліген. Көңіл күйіміз өте жақсы, – деді қала тұрғыны Ақмарал Баймұхамбетова.
31 желтоқсан күні Жаңа жыл қарсаңында «Астана» алаңында отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді және мерекелік отшашу жоспарланған. Қалалық әкімідіктің мәліметінше, биыл мегаполистегі жаңажылдық безендіруге бюджеттен 511 миллион теңгеден аса қаражат бөлінген.
Almaty.tv
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через