Алматыда 160 миллионға орнатылған қоғамдық әжетханалар әлі жұмыс істемей тұр

Алматыда 160 миллионға орнатылған қоғамдық әжетханалар әлі жұмыс істемей тұр
фото: https://sputnik.kz

Бюджеттен 160 миллион теңге бөлініп, 20 әжетхана сатып алынған. Әрқайсысының құны – 8 миллион теңге. Бір жыл бұрын халық игілігі үшін деп орнатылғанымен, бір де бірі әлі күнге жұмыс істемей тұр.

"Жерді қазып құрылыс жүргізіп жатқанға жақсы бір киоск орната ма деп ойладық. Сөйтсек әжетхана екен. Қазір не әжетхана жоқ, не киоск жоқ", - дейді қала тұрғыны Анар Тілемісова.

Әжетхана мәселесі аула сыпырушы Қанат Ержановтың басын ауыртып, балтырын сыздатады.

"Таңның атысы, кештің батысы осы жерді сыпырамын, тазалаймын, далада жүремін. Әжетхана сұрап әр мекемеге кіресің, бірақ олар рұқсат етпейді. Әйтеуір бұрыш-бұрышты тасалаймын. Әйтпесе, әжетхананы ары қарай іздей бер деп бастық жұмыстан шығарып жібереді", - дейді ол.

Жұрт, әсіресе, халық демалатын саябақтар маңында орналасқан әжетхана қызметіне наразы. Өйткені, арнайы қызмет орны болмағандықтан, демалушылар бала-шағасын ағаш-ағаштың түбіне апарады.

"Қыс мезгілінде жауын-шашынның көп болуына және ауа температурасының өзгеруіне байланысты төлем жүйесін басқаратын компьютерлер істен шықты. Сондай-ақ инженерлік коммуникациялар құбырлары қатып қалды. Осыған байланысты басқарушы компания 8 әжетхананың жұмысын қалпына келтіру бойынша жөндеу-монтаждау жұмыстарын жүргізіп жатыр", - дейді "Алматы қаласының туристік ақпарат орталығы" ЖШС директорының орынбасары Бауыржан Пазылхайыр.

Бауыржан Пазылхайырдың айтуынша, қалған 12 әжетхана жұмыс істеп тұр. Алайда мамандар жұмыс істейді деген әжетхананың кейбірінің есігі әлі жабық тұр. Жалпы бұл әжетханалар 2021 жылдан бастап орнатыла бастаған. Былтыр жаңа жылдан бастап жұмыс істеуі керек болған қоғамдық орынға қаңтар оқиғасы кедергі болған. Әжетханаға жауапты мамандар былтырдан бері "жақында жұмыс істейді" деген уәдемен келеді.

Ал қалалық әкімдіктің айтуынша, қоғамдық дәретханалар жақында ғана "ЭкоМед Сервис" ЖШС компаниясына сенімгерлік басқаруға берілді. Бұдан кейін әжетхана мәселесі шешіледі, дейді олар.

 

Қазақпарат