ІІМ Алматы академиясы басшысының орынбасары, полиция полковнигі Ержан Бимолдановтың айтуынша, келесі оқу жылынан бастап ведомстволық ЖОО-да «Құқық қорғау қызметі», «Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету», «ІІО қызметін IT-криминалистикалық қамтамасыз ету», «Ақпараттық жүйелер» секілді жаңа бағыттар бойынша ішкі істер органдарының кәсіби кадрларын дайындай бастайды.
«Соңғы жылдары тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде киберқылмыс, интернет-алаяқтық белең алды. Осы қылмыстарға тиімді қарсы тұру керек екенін ескере отырып, жаңа білім беру бағдарламаларын ашу туралы шешім қабылданды. Бұл бағытта Астана және Алматы қалаларының полиция департаменттерінде киберқылмысты ашу және тергеумен айналысатын арнайы бөлімшелер ашылды. Олар «киберпол» деп аталады. Біз осы бөлімшелердің қызметкерлерін Алматы академиясының қабырғасында оқытатын боламыз. Сондай-ақ академияда киберзертхана мен киберполигон ашылған», - деді спикер.
Ержан Бимолданов сондай-ақ академияда артықшылық ретінде тегін тамақ, формалық киім, медициналық қызмет көрсету, тұрғылықты жеріне бару мен кері қайту (пойызбен) болатынын айтты.
«Курсанттар шәкіртақы алады. Оқу мерзімі мерзімді әскери қызмет өткерумен тең. Оқуды аяқтаған соң, түлектерге «Ұлттық қауіпсіздік және әскери істер бакалавры» және «Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бакалавр» біліктіліктері бар мемлекеттік үлгідегі диплом беріледі, сонымен қатар «полиция лейтенанты» арнайы атағы беріледі«, - деді ол.
Дереккөз ҚазАқпарат. Фото timcore.ru
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через