Мемлекет

АЛИМЕНТ ТӨЛЕУДЕН ҚАШАТЫНДАР САНЫ КӨБЕЮДЕ

  АЛИМЕНТ ТӨЛЕУДЕН ҚАШАТЫНДАР САНЫ КӨБЕЮДЕ

Елімізде ажырасатындар саны жылдан-жылға артып бара жатқанына байланысты, алимент мәселесі өзекті бола түсуде. Себебі нарық заманында жалғызбасты аналарға бала асырау да оңай емес. Әкелердің дені ай сайынғы табысын балаларымен бөлісе бергісі келмейді, бір өкініштісі. Алименттің түрлері, әкелік міндетін орындамағандарға қолданылатын жаза, алимент мөлшері, азаматтық некеден туған балалардың құқығы – осы және өзге де сұрақтарға standard.kz. порталы жауап іздеп көреді.

Алименттің түрлері қандай?

Заңгер Нұра Өтебаеваның айтуынша: Қазақстанда балаға және бұрынғы жұбайлардың бір-біріне төлейтін алименті кең таралған. Десе де алименттік міндеттемелер тек осы екі топпен шектелмейді. Алименттің де көбісі біле бермейтін бірнеше түрі бар. 

"Ең біріншісі, ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларына төлейтін алименттік төлемі. Екіншісі, кәмелет жасына жеткен балалардан әке-шешесін асырауға өндірілетін алимент. Тағы бір түрі –  некеде тұрған ерлі-зайыптының және бұрынғы жұбайлардың бір-біріне төлейтін алименті. Ерлі-зайыпты дәм-тұзы жараспай, ажырасып кетсе де, бір-бірінен заңда көрсетілген тәртіппен алимент өндіруге құқылы", — дейді заңгер. 

Бұдан бөлек, оның айтуынша, басқа отбасы мүшелерінің алименттік міндеттемелері де бар. Мәселен, кәмелетке толмаған, еңбекке жарамсыз балалар ата-анасынан алимент өндіруге мүмкіндігі болмаған жағдайда, өздерінің кәмелетке толған, еңбекке жарамды, қаражаты бар туған аға-апаларынан сот тәртібімен алимент өндіруге құқылы. 

Сондай-ақ, ата мен әженің де немерелері алдында алименттік міндеттемелері болады. Егер кәмелет жасына толмаған бала әке-шешесінен, туған аға-апаларынан алименттік төлем өндіруге мүмкіндігі болмаса, онда материалдық жағдайы бар атасы мен әжесінен алимент алуға құқылы. Және де, керісінше, көмекке мұқтаж атасы мен әжесінің еңбекке жарамды, кәмелетке толған немерелерінен алимент өндіріп алуға құқығы бар. 

Жауапсыз әкелерден алимент қалай өндіріледі?

Заңгердің айтуынша, Қазақстанда, өкінішке қарай, бауыр еті баласы үшін қалтасынан бір тиын да шығарғысы келмейтін безбүйрек әкелер жетерлік. Сот алимент өндіру туралы шешім шығарғанмен, оны орындайтындар аз. Жауапсыз әкелерден алимент алудың ең тиімді жолы – ай сайынғы жалақысынан тікелей ұстап қалу, дейді Нұра Тынысқызы. 

"Жеңіл түрі – сот орындаушылары қаулы шығарады да, әлгі әкенің жұмыс орнына жолдайды. Соған сәйкес, бухгалтерия ай сайын жалақы түскеннен кейін үш күн ішінде алимент мөлшерін әйелге аударуға міндетті. Осылайша бала 18 жасқа толғанға дейін жалақысынан ұсталып отырады", — дейді ол. 

Ал жұмыссыздардан балаға алимент өндірумен сот орындаушылары айналысады.

Алименттен жалтарғандар қалай жазаланады?

Судьяның айтуынша, елімізде заң бойынша алимент төлемегені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Десе де жауапсыз әкелерді темір тордың ар жағына тоғыту өте сирек кездесетін жағдай, тіпті тәжірибеде кездеспейді деуге де болады. "Егер әкенің берешегі жиналып қалса, онда сот орындаушылар астындағы көлігін алып қойып, оны сатып, қарызды өндіреді. Дүние-мүлкіне тыйым салып жатады. Сосын борышкер әкелердің Қазақстан аумағынан шығуына шектеу қояды. Алимент бойынша қарызын өтемегенше, жүргізуші куәлігінің күшін жояды. Мұндай шаралардың бәрі алименттен жалтарып жүрген әкелерге ой салады. Себебі көлігімен жолаушы тасып, нәпақасын тауып жүргендер бар, енді бірі жұмыс бабымен шетелге жиі шығады. Яғни, оларды абақтыға қамап қойғаннан гөрі, алиментті уақытында төлеп тұруға түрткі болатын шараларды қабылдау тиімдірек", — дейді заңгер. Оның айтуынша кез келген алимент оны төлейтін адамның жалақысының жартысынан аспауы керектігін атап өтті. Себебі қалған табысы өзінің өмір сүруіне, басқа отбасы болса, соны асырауға жетуі керек. Бұл тұста алимент төлейтін адамның несиесі немесе ипотекасы бар ма, жоқ па, бәрі қаралып, есепке алынады.

Азаматтық некеден туған балаларға алимент өндіру мүмкін бе?

Соңғы жылдары жастар арасында "азаматтық неке" деген жаңа түсінік пайда болды. Тіпті жастарымыз бұған "ерікті махаббат" деген де атау тауып алған. Бүгінде қазақстандықтардың "азаматтық некеге" қатысты көзқарасы әртүрлі, әрине жақтаушылардан даттаушылар қарасы басым екені айтпаса да түсінікті. Себебі некенің мұндай түрі ақ некенің қадірін қашырып, жастарды қазақы салт-дәстүрден ажыратып, ұлттық құндылықтарымызды жоқ қылады деп алаңдауға негіз жоқ емес. Десе де, жаһандану толқынымен батыстан келген "азаматтық неке" біздің қоғамға дендеп еніп жатыр. "Азаматтық некеден" бір-бірін "сүйген" екі жастан бұрын, жоспарсыз дүниеге келген бейкүнә сәби сорлайтыны анық. Өйткені көп жағдайда ер адамдар жауапкершіліктен қашып, қаны бір болса да, туған баласын мойындамай жатады. «Әйел азаматтық некеден туған баласына алимент өндіре алады, әрине. Егер баланың туу туралы куәлігінде әкесі кім екені жазылса, ешқандай дау туындамаса, сол кісіден өндіріп алынады. Егер ер адам келіспей, "әкесі емеспін" деп ат-тонын ала қашса,  сараптама тағайындалып, сол арқылы анықталады.

Өкініштісі Алматыда алимент төлеуден қашып жүрген безбүйрек ерлердің баласының алдындағы қарызы 350 миллион теңгеге жеткен. Жұмыс жоқтығын сылтауратқан азаматтарға енді әділет департаменті мен жеке сот орындаушылар палатасы екі қолға бір күрек тауып беруге тағы кірісті. Өйткені шаһардағы әкелердің бұрынғы отбасы алдындағы берешегі күн санап өсуде.

Бір ғана Алматының өзінде алимент төлейтін әкелер саны 12 мыңнан асқан. Бірі перзентінің алдындағы берешегін өтеп жатса, көбісі жалақысын жасырып қалуға тырысады. Жауапсыз ерлердің борышын төлетуге мемлекет қолданбаған шара қалмаған. Әйтсе де ескертуді елемейтіндер көп жағдайда төлемнің уақтылы жасалмауын, жағдайының төмендігі және жұмыссыздықпен байланыстырады. Енді «Жұмыс орындары жәрмеңкесі» ұйымдастырылып, әділет басқармасы 15-тен аса компанияны аталмыш  шараға тартып отыр. Әрқайсысында 50-ге жуық бос вакансия бар. Онда ер-азаматтар қолынан келетін жұмысқа орналастыра алады.

Достарыңызбен бөлісіңіз

Пікір қалдыру