Әлемді шеру жайлады

Әлемді шеру жайлады

     Францияда зейнетақы реформасына қатысты тағы да наразалық акциясы ұйымдастырылды

      

     Бұл жолы елдің оңтүстік-шығысында тұратын халық бас көтерді. Дәл осы аймақта бұл күндері Канн халықаралық кинофестивалі өтіп жатқандықтан, жергілікті жандармдар жедел түрде әрекет етіп, көшеге шыққан жұрттың жолын бөгеді. Өйткені бұған дейін Мануэль Макронның реформасына қарсылық танытқан халық өре түрегеліп, ереуілге шыққан еді.  болатын. Соның салдарынан бірнеше қаланы түтін торлап, азан-қазан болды. Билік бұл бастамасынан бас тартпайынша, ереуілді тоқтатпаймыз деген талап та қойды.

     Юнес Йахиауи, шеруші:

     - Біз Макронның қыр соңынан қалмаймыз. Талабымыз орындалмайынша, тоқтамаймыз. 64 жаста зейнеткерлікке шығуға түбегейлі қарсымыз. 

     Израильде сот реформасына қарсы шеру өтті

     

     Жалпы ел үкіметінің зейнет жасын 62-ден 64-ке көтеру туралы шешімінен туындаған дағдарыс Францияда бірнеше айдан бері жалғасып келеді. Дәл осындай жағдай кейінгі кездері Израильде де байқалады. Естеріңізде болса қыс кезінде билік сот реформасын ұсынған еді. Бірақ бұқара бұған бірден қарсылық танытты. Бұл демократияға қайшы әрекет, егер заң қабылданса, сот тәуелсіздігінен айырылады деп есептейді көпшілік. Айта кетейін, сот реформасына қарсылық жалғасып жатқанына бірнеше ай болды. Оған жүз мыңдаған адам қатысып жатыр.

      Венгрияда мыңдаған мұғалім ереуілге шықты

      Ұстаздарға студенттер де қосылып наразылық білдірді.  Жиналған жұрт білім саласына қатысты жаңа заңға қарсы. Реформаға сәйкес, мұғалімдер енді мемлекеттік қызметкер мәртебесінен айырылады.

      

     Оқытушылардың айтуынша, айлық онсыз да төмен, бұл аздай мұғалімдер енді түрлі жеңілдік пен жәрдемақылардан қағылғалы тұр екен. Осыған байланысты дүйім жұрт билеуші партияның, штаб-пәтерінің алдына жиналды. Халық жалпы білім алуға қолайлы жағдай жасап, мұғалімдердің айлықтарын көтеруді талап етті. Ашуға булыққан халық тіпті полициямен де қақтығысты. Егер жаңа заң қабылданса, елде 5 мыңға жуық мұғалім, жұмысқа шықпаймыз деп бекініп отыр.

     Испанияда денсаулық сақтау жүйесіне қатысты шеруге шықты

     

     Ал Испанияда жергілікті халықтың денсаулық сақтау жүйесіне көңілі толмайды. Осыған байланысты кеше Мадрид тұрғындары министрлік ғимараты алдына жиналып, қоғамдық денсаулық сақтау саласына көбірек инвестиция құюды талап етті. Айта кетейін, былтыр Испания астанасында 200 мыңдай адам үкіметтің денсаулық сақтау саласындағы саясатына қарсы шеруге шыққан еді. Өйткені қатаң үнемдеу шарасы сапаның нашарлауына әкелген. Нақтырақ айтқанда, ресурс тапшылығы, дәрігерлердің, саланың басқа да мамандарының жетіспеуі айқын сезілген.

     Ал Римде бір топ эко-белсенді әлемге әйгілі Треви фонтанына көмір мен қара май төгіп, шу шығарды.

     

     Осылайша экологияға жаны ашитын азаматтар жергілікті үкіметті қоршаған ортаға зиян келтіретін отыннан бас тартуды талап етті. "Еліміз құрдымға кетіп барады" дейді олар. Бірақ бұл іске полиция араласып, наразылық шарасын күшпен тоқтатты. Айта өтейін, ай басында ғана әлгі азаматтар Римдегі субұрқақтардың біріне бояу құйған еді. Соңғы кезде мұндай жағдайдың жиілеп кетуіне байланысты Италия билігі енді эко-белсенділерге қатысты ережені қатаңдатпақ. Яғни қоғамдық орындарды бүлдіргені үшін 10 мың еуродан 60 мың еуроға дейін, айыппұл салу қарастырылып жатыр.

     Түркияда экобелсенділер наразылық танытты

      

     Өз кезегінде Түркияның Измир қаласында жануарлар тағдырына алаңдаған белсенділер қаланың қақ ортасында наразылық акциясын ұйымдастырды. Вегандар Докуз Эйлул университетінде ашылғалы жатқан орталықтың жұмысына қарсы. Өйткені мұнда жануарларға түрлі тәжірибелер жасалатын көрінеді. Бұл нағыз қатыгездік дейді олар.

Ақпарат дереккөзі: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/lemde/item/601364-lemdi-sheru-zhajlady