Жаһандағы геосаяси ахуал мәселені тіптен ушықтырып жіберді. Өйткені Украинадағы шиеленіс салдарынан көп елді қымбатшылық жайлады.
Коронавирус пен геосаяси ахуал аздай, климаттың өзгеруі тағы бар. Жаһандық жылыну салдарынан біраз елді қуаңшылық жайлап, азық-түлік тапшылығы туындаған. Бұл туралы бірер секундтан кейін рет-ретімен айтып беремін.
Әлемді ашаршылық жайлап барады
Қазір әлемде азық түлік қауіпсіздігі күрмеуі қиын мәселеге айналып келеді. Әсіресе кейінгі 3 жылда белең алған пандемия онсыз да мәз емес жағдайды одан сайын ушықтырып жіберді. Аш құрсақ жүрген адамдардың саны күрт артты. Сорақысы сол, бүгінде жер шарының 350 миллион тұрғыны ашаршылықтан зардап шегіп отыр. Біріккен Ұлттар ұйымына қарасты Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы ұйымы сарапшыларының зерттеу қорытындысы осындай.
Дэвид Бизли, Дүниежүзілік Азық-түлік бағдарламасының атқарушы директоры:
- Әлемді жайлаған алапат аштықтың алдын аламыз деп ойлап едім. Бірақ жер бетіндегі қарулы қақтығыстар, табиғаттар апаттар мен ковид кесірінен, тамақтан тарыққандар қатары, кесірінше, артып кетті. Коронавирус жұртты алқымнан алған кезде бұл сан 276 млн төңірегінде болатын. Ал Украинадағы ахуалдан соң көрсеткіш 350 млн-ға дейін өсті. Азық-түлік жетіспеушілігін жоямыз деген сайын жағдай одан әрі нашарлап барады.
Дэвид Бизлидің айтуынша, осы апаттың алдын алу үшін қомақты қаржы қажет. Егер осы мәселені шешуге тез арада миллиардтаған доллар бөлінбесе, алдағы 1-1,5 жылда әлемде жаппай миграция белең алады. Сондықтан Дүниежүзілік Азық-түлік бағдарламасының директоры әлем елдерін барынша белсенді болуға шақырып отыр.
Дэвид Бизли, Дүниежүзілік Азық-түлік бағдарламасының атқарушы директоры:
- Тек биылдың өзінде бізге 23 млрд доллар қажет. Егер соның 40%-іне қол жеткізе алсақ, қуанар едім. Өйткені қаржы бөлу жағынан қиындықтар бар. Мәселен, өткен жылдары АҚШ секілді ірі донорларымызды зорға дегенде қаражат көлемін ұлғайтуға көндірген болатынмын. Сөйтіп олар 3,56 млрд-тың орнына 7,4 млрд доллар қаржы бөлді. Ал Германия бірер жылдан бері 1,7 млрд доллар беріп келеді. Бірақ биыл олардан дәл осындай сома алатынымызға күмәнім бар. Сондықтан басқа мемлекеттер бұл мәселеде белсенділік танытуы қажет.
Аштық қыспағындағылар азаймай тұр
Аштыққа ұшырағандар санына тоқталар болсақ, көбіне Азия халқы зардап шегіп отыр. 400 млн-нан астам адам ашқұрсақ жүр. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі. Ал Африка мемлекеттерінде 282 млн тұрғын яғни халықтың 20%-тен астамы ішерге ас таппай жүр. Бұған бір жағынан ел ішіндегі ахуал әсер етсе, екінші жағынан табиғатың жылы қабақ танытпауы да кәдімгідей қиындық тудырады. Сөзімізге дәлел ретінде Тунисті алайық. Мемлекет осымен төртінші жыл қатарынан құрғақшылық зардабын тартып келеді. Елдегі бөгеттер мен су қоймалары бос тұр. Соның кесірінен жергілікті жұрт жылдар бойы ауызсуға жарымай келеді.
Ала марзуги, тунис су бақылау обсерваториясының сарапшысы:
- Су мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Кей аудандарда бұл мәселе жылдар бойы жалғасып келеді. Халық дәрменсіз болғандықтан, бұған әбден көнген деуге де болады.
Анис Харбучи, Тунис Ауыл және балық шаруашылығы одағы президентінің көмекшісі:
- Бүгінде егістік алқаптарының көбі жабық. Өйткені климаттың өзгеруі еліміздің аграрлық секторына орасан зор әсер етті. Әсіресе бидайға. Биылғы маусымда небәрі 2,5 млн центнер өнім жиналса, былтыр бұл көрсеткіш 11 млн шамасында болған.
Ұнға талас
Азық түлік тапшылығын болдыртпас үшін кез келген мемлекет ауыл шаруашлығын дамытуға ден қоюы керек екені бесенеден белгілі. Бірақ аптап алқымнан алған кезде кімге иек артасың? Инфляция өршіп, тауардың бәрі қымбаттап кетсе ше? Жуырда Пәкістанда болған жағдай бәрінің есінде шығар. Пешавар қаласында тегін ұн таратып жатқан орталықта қақтығыс болды. Тегін әрі қат дүниеге кезекке тұрғандар біраз уақыттан соң шу шығарып, айналадағы мүлікті қирата бастайды. Елірген жұртты тарату үшін тәртіп сақшылары газ шашып, әуеге оқ ата бастайды. Ақырында 16 адам опат болды. Арасында 5 әйел мен 3 бала бар. Ал Карачиде тіптен сорақы. Мұндағы ұн тарату орталығындағы қыспақта 11 адам опат болып, 60-ы жарақат алды.
Айта кетейік, ел үкіметі елдегі инфляцияны тежеу үшін елдің біраз аумағында ұн тарату орталықтарын құрған.
Қалтаны қаққан қымбатшылық
Халқының көбі кедей тұратын Ливан да инфляцияның шырмауынан шыға алмай қиналып жатыр қазір. Ұлттық валюта 98%-ке құнсызданып кеткен. Ресми мәлімет бойынша, былтыр жылдық инфляция 171%-тен асқан. Сондықтан болар, бір кездері қоқысқа кететін балық басы енді базарларда сатылады. Келілеп сатылып келген жеміс-жидектер енді данамен беріледі. Бұған себеп жұрттың тұтынушылық қабілеті кәдімгідей төмендеп кетуінде.
- Бұрындары 3-4 келіден сатып алатын тұрғындар жеміс пен көкөністі 1-2 данадан ғана алатын болған. Бәрінің жағдайы қиын қазір.
- 4-5 жыл бұрынғы жағдайымыз басқаша еді. Қазір мүлдем өзге мемлекетте өмір сүріп жатқандаймыз. Қайда бара жатқанымызды бір құдай біледі.
- Бұрын Рамазан кезінде дастарханға кемі 3-4 ыстық тамақ қойылатын. Қазір – біреу-ақ. Халықтың 90%-і тамақ пісірмейді. Тәтті де сатып алмайтын болған.
Қалтаны қаққан қымбатшылық
Қымбатшылық Еуропа елдерінде де байқалады. Португалия үкіметі негізгі тауарларға қосымша құн салығын алып тастаса да, бағалар өсіп жатыр. Аталған тізімге сүт, нан, күріш, қызанақ және ет пен балықтың бірнеше түрі енгізілген еді. Осы заттардың құнынан 6 ай бойы 6%-ті құрайтын салық ұсталмайды. Бірақ тұрғындар жағдайды жақсартуға бұл да көмектеспей жатыр деп шағымданып жатыр. Соңғы күндері жеміс-жидек пен көкөністің бағасы 20%-ке қымбаттады. Билік қолдан келгенін жасап жатыр. Мәселен, жағдайы нашар тұрғындарға берілетін қаржы көлемін де арттырды.
Ақпарат дереккөзі: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/lemde/item/594550-lemdi-asharshyly-zhajlap-barady
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через