фото: massaget.kz
Әлемнің бірқатар елі қуаңшылықтан зардап шегіп отыр.
Испания мен Индонезия тұрғындары үшін, су тапшылыққа айналды. Ал Перудің күнгейін жұт жайлап, мыңдаған мал қырылды.
Қуаңшылықтан қатты зардап шеккен Испанияда су мәселесі өткір тұр. Жауын-шашын аз түскендіктен елдегі су қоймалары 42 пайызға ғана толған. Қазір 9 миллиондай тұрғын үшін таза су тапшы. Әсіресе Каталония мен Андалусия аймақтарындағы жағдай өте қиын. Билік суды пайдалануға бірқатар шектеу енгізді.
Жозеп Ховелл, Агульяна қаласының мэрі:
"Қуаңшылыққа байланысты біз өңірде суды пайдалану мөлшеріне шектеу енгіздік. Жаңа ережеге сәйкес, бау-бақшаны суару қатаң бақылауға алынып, футбол алаңдарына су себу тоқтатылды. Көшелерді тазалау кезінде де енді су пайдаланылмайды".
Индонезия
Суға индонезиялықтар да мұқтаж. Тіпті Орталық Ява провинциясының тұрғындары жерді қазып, лай суды сүзіп ішуге мәжбүр. Халықтың 2 айдан бергі тірлігі осы. Маңдай терін шүмектеп жүріп еккен негізгі күнкөріс көзі - темекі мен жүгері алқабы қурап, орусыз қалған. Айта кетейік, жұт жайлаған Орталық Ява провинциясында 37 млн адам тұрады. Олардың 63 пайызына су жетіспейді.
Сунарди, диқан:
"Біздің аймақта сәуірден бері бір тамшы жаңбыр жаумаған. Барлық құдықтар суалған. Жүгері, темекі дұрыс өспей қалды. Басқа аймақтарға көшеміз бе деген ойымыз бар".
Перудің оңтүстігінде құрғақшылық кесірінен малға жем-шөп жетіспей жатыр. Әсіресе осы елдің символына айналған таутайлақтар ашқұрсақ жүр. Оның үстіне қазір Перуде қыс мезгілі болғандықтан, суық та қыспаққа алған.
Лукар Карбаниллас, жергілікті тұрғын:
"Әлемдік климат қатты өзгеріп жатыр. АҚШ, Еуропа мен Үндістанды су басып жатыр. Бұрын ондайды мүлде естімейтін едік. Ал бізде күн қатты суытып кетті. Негізі қыс жылы болатын. Сынап бағанасы минус 5-ке дейін төмендеді. Біздің таутайлақтар мұндай температураға төзе алмайды". Аймақтағы басты тіршілік көзі саналатын Титиката көлі мамырдан бері тартыла бастаған. Жауын-шашынның түспегеніне бірнеше айдың жүзі болды. Осы сәтке дейін жұттан 2300 бас мал қырылған.
Ақпарат дереккөзі: www.24.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через