Еуропалық одақ елдерінде автокөлік сатылымы 15 жарым процентке құлдырады. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Сауданың төмендеуі осымен 11 ай қатарынан тіркеліп отыр.
Рекордтық құлдырау – Хорватияда бірден байқалды. Мұнда сатылым көлемі 28 жарым процентке азайған. Жағдайдың ушығуына бүкіл әлемді әбігерге салған корнавирус түрткі болыпты. Өйткені пандемия кезінде микрочиптердің өндірісі қысқарды. Оның үстіне шектеу салдарынан жеткізілім тізбегі де бұзылған. Бұл аздай геосаяси ахуал да жығылған үстіне жұдырық болды.
Ресейдің автоөнеркәсіп саласы да қиын кезеңді бастан кешіп жатыр. Мұнда жеңіл көлік өндірісі 97 процентке, ал сатылымдар 82 процентке қысқарған. Ресей нарығынан бірнеше ірі шетелдік автоөндіруші кетіп қалды. Санкция салдарынан көп бөлшектер жетіспей жатыр. Көрші елде темір тұлпар бағасы 25-30 процентке өскен.
Ал Қытайда ахуал керісінше жақсарып келеді. Маусымда темір тұлпар өндірісі мен сатылымы рекордтық деңгейге жеткен. Мәселен, бір айда мұнда 590 мың темір тұлпар шығарылды. Бұл былтырмен салыстырғанда, 130 процентке көп. Сарапшылар өсім екінші жарты жылда да болатынын болжап отыр. Өйткені кейінгі уақытта әлемде Қытай көліктеріне деген сұраныс артып барады. Сөйтіп алғашқы жарты жылда көрші мемлекет бір миллион 200 мыңнан аса автомобиль экспорттаған екен.
Фото: carsguru.net
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через