Бұл көрсеткіш пандемияға дейін азық-түлік қауіпсіздігін қатты сезінген адамдар санынан 2,5 есе көп.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының басшысы әлемде 345 миллион адам «бұрын-соңды болмаған ауқымдағы жаһандық төтенше жағдайға» айналып бара жатқан аштыққа ұшырағанын ескертті.
Бейсенбі күні өткен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында ұйымның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының (ДАБ) атқарушы директоры Дэвид Бизли агенттік жұмыс істейтін 82 елде 345 млн адам азық-түліктің жетіспеушілігін қатты сезінгенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл көрсеткіш пандемияға дейін азық-түлік қауіпсіздігін қатты сезінген адамдар санынан 2,5 есе көп.
«Әлем бұрын-соңды болмаған көлемдегі жаһандық төтенше жағдайға тап болды. 345 миллионға жуық адам аштықтан зардап шегіп, өлуге шақ қалды, ал Украинадағы соғыс салдарынан 70 миллионға жуық адам оған жақындап тұр», - деді Бизли.
Оның пікірінше, биыл ақпанда Ресейдің Украинада соғыс қимылдары басталғаннан кейін азық-түлік, жанар-жағармай мен тыңайтқыш бағасының күрт өсуі 70 млн адамды ашаршылыққа жақындатты.
Одан бөлек, Украинадағы соғыс инфляцияны күшейтіп, Йемендегі гуманитарлық дағдарысты ушықтырды, өйткені Таяу Шығыстағы бұл ел толығымен дерлік азық-түлік импортына тәуелді.
«Егер біз әрекет етпесек, 2023 жылы азық-түлік бағасының ағымдағы дағдарысы азық-түліктің қолжетімділік дағдарысына айналуы мүмкін», - деп болжады Бизли.
Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында алдымен Эфиопия, Нигерияның солтүстік-шығысында, Оңтүстік Судан мен Йеменде азық-түлік қауіпсіздігі мен ашаршылық қаупі талқыланды.
Алайда Бизли мен БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Мартин Гриффитс, сондай-ақ, Сомалидегі азық-түлік дағдарысы жайлы ескертті. Бұл ретте Гриффитс ашаршылыққа ұшырайтын елдер тізімінде Ауғанстанды бірінші орынға қойды.
Ол азық-түлік қауіпсіздігінің болмауы бейбіт тұрғындар өлімі мен зардап шегуіне әкелетін қақтығыстар мен зорлық-зомбылықтың тікелей және жанама әсерінің нәтижесі екенін атап өтті.
«Бұл отбасыларды табыс пен азық-түлікке тәуелді жерлерін тастап кетуге мәжбүр етіп, экономикалық құлдырауға және бұдан былай азық-түлік бағасын төлей алмауына әкеледі», - деді ол.
Гриффитс Қауіпсіздік кеңесін қақтығыстарды тоқтату және гуманитарлық операцияларды қаржыландыруды арттыру әрекетін тоқтатпауға шақырды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через