Алакөл - қазақстандық туристер арасында танымал демалыс бағыттарының бірі екені мәлім. Карантиндік шектеу шаралары алынып тасталғаннан кейін ел тұрғындарының басым көпшілігі дәл осы сұлу мекенің табиғатын көруге, осында демалуға асықты. Әрине, бұл өз кезегінде ішкі туризмнің дамуына серпін берді. Тиісінше, аталған бағытта қызмет көрсететін демалыс орындары, туристік компаниялар саны артты. Осы орайда, «ҚазАқпарат» тілшісі Нұр-Сұлтаннан Алакөлге жету жолдары, демалыс бағасы және қай жағалау туристер үшін қолайлы екенін зерттеп көрді.
Астанадан Алакөлге қалай баруға болады?
Елордадан Алакөлге пойыз, автобус немесе жеке көлікпен жетуге болады. Дегенмен сапалы жолдың жоқтығына байланысты бұл жаққа көлікпен барудың машақаты көп. Қазіргі уақытта аталған мекенге ұшақ та ұшпайды. Өйткені, Үржар мен Үшарал әуежайлары жөндеу жұмыстарына байланысты жабылған.
Алакөлге дейін мына бағыттағы пойыздар жүреді:
Алматы-Алакөл: №221/222 «Алматы-2 – Достық», аптасына 3 рет;
№ 255/256 «Алматы-2 – Достық», аптасына 3 рет;
№ 211/212 «Алматы-2 – Достық», аптасына 2 рет; 453/454 «Алматы-2 – Достық», жаз мезгілінде аптасына 3 рет;
№22/21 «Қызылорда-Семей» пойызына 8 тіркемелі вагон жалғанады. Ол жаз мезгілінде күн сайын қатынайды. Плацкарт вагондардағы орын үшін билет құны - 5 мың теңгеден басталады. Купе вагондарымен барушылар 11 мың теңге төлеуі тиіс. Ал, люкс вагондардағы орын құны - 21 мың теңгеден жоғары.
Нұр-Сұлтан-Алакөл: № 258/257 «Нұр-Сұлтан – Достық», жаз мезгілінде аптасына 2 рет;
№ 54/53 «Нұр-Сұлтан – Достық», аптасына 2 рет;
№ 121/122 «Нұр-Сұлтан – Семей» пойызына 6 тіркемелі вагон жалғанады. Ол жазғы маусымда күнара қатынайды. Плацкарт вагондармен барушыларға билет бағасы - 7189 теңге болса, купе вагондардағы билет құны - 10 749 теңге.
Нұр-Сұлтан-Семей: 457/458 «Семей – Достық», жаз мезгілінде күнара; 459/460 «Өскемен-Достық», жаз мезгілінде күнара. Жалаңашкөл станциясынан Алакөл жағалауына жету үшін 50 шақырым қашықтықты еңсеру керек. Мұнда тұрақты түрде қатынайтын жеке таксилер мен автобустар бар.
Ел астанасынан көлге жеке көлікпен баратын туристер де аз емес. Алайда, Семей қаласы арқылы өтетін жолдың жалпы ұзындығы 1400 шақырымнан асады. Қазір оның 100 шақырымына жөндеу жүргізіліп жатыр.
Алакөлде қай кезеңде демалған арзанға түседі?
«AzimutTravel» туристік компаниясының маманы Дмитрий Кручининнің айтуынша, Алакөлде маусым айы мен тамыздың бірінші жартысында демалған туристер үшін арзанға түседі. «Сұраныс артатын кезең - шілде айының алғашқы күндерінен бастап, тамыздың ортасына дейінгі аралық. Көпшілік әдетте демалысты шілде айында алады. Кейін туристер қатары азайған кезде демалыс орталықтары жеңілдіктер жасай бастайды. Атап айтқанда, баға әсіресе демалыс маусымының басында және соңында едәуір төмендейді» - деді туристік компания маманы Дмитрий Кручинин.
Оңтүстік немесе шығыс жағалау: қайда демалған арзан?
Дмитрий Кручининнің айтуынша, қос жағалауда да демалу құны бірдей. Мұнда баға қонақ үй мен тұру үшін жасалған қолайлы жағдайға байланысты. «Қос жағалаудағы демалыс құны бірдей. Бюджеттік қонақ үйлердегі нөмірдің құны 5 мың теңгеден басталады. Бұл баға оңтүстік және шығыс жағалауда да бір. Бұл эконом-классқа жататтын демалыс базалары. Ал, бағалары мен жағдайы орташа деңгейдегі қонақ үйлерден бір адамға орын алу 12-15 мың теңге тұрады. Оған тамақтану құны кіреді және мұндай санаттағы орындарда қолайлы жағдай жасалған. Премиум санатындағы қонақ үйлердің құны бір адамға 18-20 мың теңге көлемінде», - деп бағаларға тоқталды «AzimutTravel» туристік компаниясының маманы.
Бұған қоса, компания өкілі туроператор мен туристік агенттіктер арқылы сатылатын турлардың бағасындағы айырмашылыққа тоқталды. Оның айтуынша, операторлар турларды арнайы блоктарын сатып алып, оңтүстік жағалауға трансфер арқылы сатады. Бұл орайда, турагенттіктер мен туроператорлар бекітетін құн бірдей.
«Демалыс базалары комиссиялық сыйақы береді. Бұл соманы біз турагенттіктермен бөлеміз. Шартты түрде, егер демалыс базасы түсімнен 10-15% комиссия берсе, біз оны тең бөлісеміз. Сондықтан агенттіктерге демалыс турларын сенімді операторлардан сатып алу тиімді», - деп түсінік берді Дмитрий Кручинин.
Алакөлдің оңтүстік жағалауында демалу үшін қанша қаражат керек?
Туристік компания өкілі Дмитрий Кручинин Алакөлде бір апта демалатын туристің қанша қаржы жұмсайтынын есептеп көрді. Бір адамның тәуліктік демалыс құны - 15 мың теңге. Жеті күнге - 105 мың теңге. Бару және қайту жол ақысы 16 мың теңгені құрайды. Осылайша, турист жолына, тұратын жеріне және күніне үш мезгіл тамақтануына орташа есеппен 120 мың теңге жұмсайды.
Тағы бір турфирма маманы Юлия Алакөлдегі туристердің демалуына қатысты өз есебімен бөлісті.
«Бүгінде Алматыдан Алакөл аумағына дейін бес пойыз қатынайды. Бұл туристерді тасымалдау үшін жеткілікті деп ойлаймын. Пойыз билетінің құны орта есеппен 16 мың теңгеден 20 мың теңгеге дейін. Биылғы жылы тарифтер өсті, сәйкесінше баға да жоғары болуы мүмкін. Сонымен қатар, көлге туристердің ұйықтап баруы үшін арнайы жабдықталған автобустармен де жетуге болады. Олардың билеті - 19 мың теңге. Ал қарапайым автобустармен бару және қайту билетінің жалпы бағасы - 16 мың теңгеге жуық», - деді Юлия.
Қорыта айтқанда, үш мезгіл тамақтану, жатын орнымен есептегенде бір күнге шамамен 15-16 мың теңге қажет. Бұдан да арзан қонақ үйлерді табуға болады. Олар тәулігіне - 13 мың теңге. Егер демалыс базасында тамақтану енгізілмеген болса, онда тағы 10 мың теңгені сақтап қойған жөн. Себебі, таңғы асқа - 2 мың, түскі асқа - 3 мың және қалған сомма кешкі асқа жұмсалады. Осылайша, бір туристің тамақтану және жол жүру шығындарын қоса есептегенде үш күндік демалысы 70 мың теңге болады.
Алакөлдің шығыс жағалауында демалу үшін қанша қаражат керек?
«Інжу» және «Arasan Alakol» демалыс базаларының иесі Елена Асылбекованың айтуынша, негізінен Алакөлдегі қонақ үйлердің бағасы табысы орташа және төмен бюджетті туристерге арналған.
«Люкс санатына жатқызуға болатын демалыс кешендерінің қос жағалаудағы саны 10-15-тен аспайды. Ал, 5 жұлдызды ірі қонақ үйлер мүлдем жоқ. Көп қонақ үйлерде 40-50 нөмір ғана бар. Олар негізінен отбасылық демалысқа арнап дайындалған. Ең үлкен демалыс орындарындағы жатын орын саны – 100-ге жетпейді. Бағалар пандемиядан бері көп өзгерген жоқ. Дегенмен соңғы жылдары азық-түлік, электр энергиясы және басқа да коммуналдық қызметтер бағасының айтарлықтай өсуі - тарифтердің сәл қымбаттауына алып келді. Тамақтан бөлек, тұру құнының өзі 10 пайыздан 30 пайызға өсті. Ыстық маусымдарда Алакөлдің Абай облысындағы демалыс базаларында демалу бағасы - 15-17 мың теңге. Бұдан төмен бағамен жұмыс істеу - тікелей бизнеске шығын әкеледі. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың және қажетті өнімдердің бағасының көтерілуі – отбасылардың қалтасына да оңай соғып жатқан жоқ. Әрине, қазір көптеген отбасылардың алдында екі таңдау тұр. Бірі - демалу, екіншісі - балаларды мектепке дайындау. Осы факторларға байланысты біз биыл туристер саны аз болады деп болжап отырмыз», - деп мәселелерді атады Елена Асылбекова.
Демалыс базаларында эконом санатындағы екі орындық нөмір құны -10-24 мың теңге аралығында. Ал, стандартты нөмірлер маусым айында 20 мың, ал шілдеде 30 мың теңге тұрады. Оған үш реттік тамақтану қосылған. Люкс санатындағы экоүйлерде екі адамға арналған орын бағасы - 18-30 мың теңгеден басталады. Бірнеше жұлдызды қонақ үйлерде боламын десеңіз, онда 45 мыңнан 220 мың теңгеге дейін қаражатыңыз болуы тиіс.
Дмитрий Кручининнің айтуынша, азық-түлік, отын құнының өсуіне байланысты қонақ үйлер бағаны 20 пайызға дейін қымбаттатқан. Алайда, олар соңғы екі жылда бағаны тұрақты ұстап тұруға тырысып бағуда.
«Биыл қонақ үйлердің 80-90 пайызы бағаны 15-20 пайызға көтерді. Бірақ мұны түсінуге болады. Қалай болғанда да жалақы, азық-түлік, коммуналдық қызмет бағасы өсуде», - дейді туроператор өкілі.
Сонымен қатар Дмитрий Кручинин Алакөлдегі барлық жағажайлар тегін екенін атап өтті.
«Егер шығыс жағалауды алсақ, онда негізінен қоғамдық жағажайлар бар. Жағажайларды абаттандыруға көп қаражат жұмсалды. Оңтүстік жағалауда да жағажайлары мен демалыс орталықтары жұмыс істейді. Олардың барлығы ашық және негізінен көл жағасында орналасқан», - деді Дмитрий Кручинин.
«KazakhTourism» ұлттық компаниясы жыл сайын көл жағалауында жаңа көрікті орындар ашылып жатқанын жеткізді. Мысалы, Алакөлде екінші жыл қатарынан «AlazoneArena» халықаралық фестивальдер, концерттер мен басқа да іс-шараларды өткізуге арналған алаң жұмыс істейді. Осы маусымда мұнда демалушылар үшін апта сайын ең танымал отандық орындаушылар өнер көрсетеді.
Фото: baribar.kz, ratel.kz, 7kun.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через