фото: egov.kz
Елімізде 647 мыңға жуық азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдол айтты.
«Мемлекеттік қордан тұрғын үйді алудың жалпы тәртібі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңмен реттеледі. Тұрғын үй алуға кезекке қою, кезектен шығаруды әкімдік жүзеге асырады. Бүгінде әкімдіктерде 646 819 адам кезекте тұр. Кезекке қою үшін азаматтың және отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда жылжымайтын мүлкі болмауы тиіс. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар 3 қалада – Астана, Алматы және Шымкентте кемінде 3 жыл тұрақты тіркеуде тұруы қажет. Мұнан бөлек, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін табыс 3,1 еселенген мөлшердегі күнкөріс минимумынан аспауы керек», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, соңғы жылдары тұрғын үй кезегінде тұрушылардың қатары өте қарқынды түрде өсіп келе жатыр.
«Мәселен, соңғы 10 жылда кезек 6 есеге ұлғайды. Бұл халықтың арасында масылдық көңіл-күйдің белең алғанын білдіреді. Бұған қоса, әкімдіктер жыл сайын кезектегілердің тізімін түгендеп отыруы немесе қарапайым тілмен айтқанда тазалауы қажет», - деді Бауыржан Қабдол.
Комитет төрағасы орынбасарының айтуынша, әкімдік жыл сайын баспанаға мұқтаж адамдар тізімін тексереді. Себебі, азаматтар өз бетімен тұрғын үй алып не басқа елді мекенге қоныс аударуы мүмкін.
Дереккөз ҚазАқпарат. Фото egov.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через