Польшада үш ұры жол жиегінде тұрған автокөліктерді ұрлаудың тың тәсілін ойлап тауыпты. Алайда полиция қызметкерлері өнертапқыш ұрыларды кезекті рет ұрлыққа шыққанда ұстап алды. Күдіктілер Гидравликалық автокранның көмегімен Nissan Almera-ны сүйреп алып кетпек болған.
3 адамнан құрылған қылмыстық топ мүшелері бір-бірін қалай іздеп тапқан десеңізші. Әзілі жарасатын, ойлары бір жерден шығатын қатар-құрдастар емес. Бірінің жасы 62-де болса, екінші ұры 52-де, ал ең жасы небәрі 16-да. Бірақ олардың мақсаты бір, жол бойында иесіз тұрған көліктерді айдап әкету болғаны анық.
Ұрылар мынадай жүйемен жұмыс істеген. Алдымен, жол бойында көптен бері шаң басып тұрған көлікті іздеп табады. Өйткені, мұндай машинаны дереу ешкім іздей қоймайды деп ойласа керек. Өздерін өту ақылды санаған топ гидравликалық автокранның көмегімен көлікті иесінің рұқсатынсыз әкетіп отырған.
«Ер кезегі үшке дейін» деген суық қолды жігіттер үшінші рет осындай жорыққа аттанғанда қолға түсті. Өйткені, олар іске кіріскенде сол маңнан полиция көлігі өтіп бара жатқан. Ұрылардың «өзгелерге кедергі жасап тұрған көлікті алып, жолды тазартып жатырмыз» деген сөзі сақшыларды сендіре алмаған.
Полиция қызметкерлері бұған дейін дәл осындай амалмен Nissan Qashqai және Volkswagen Passat көліктері ұрланғанын естіген еді. Бұл жолы ұрлықтың үстінен шықты.
Қылмыстары дәлелденген екі күдіктіге айып тағылды. Олар 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал кәмелет жасына толмаған жеткіншектің мәселесін отбасы және жасөспірімдер ісі бөлімі қарап жатыр.
Фото chr.mk.ru, tvoe-avto.com
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через