Әйелдер кәсіпорындарының 75 пайызында табыс төмендеп кеткен

Әйелдер кәсіпорындарының 75 пайызында табыс төмендеп кеткен

              Қазақстанның кәсіпкерлік кеңістігінде әйел азаматтар да белсенді. Әйелдер ашқан қаншама бизнес көпшілік тарапынан қолдау тауып, жер-жерде өз аудиториясын кеңейтуде. 

              McKinsey зерттеуінше, әйелдердің экономикаға ерлермен тең дәрежеде араласуы 2025 жылға таман әлемдік ішкі жалпы өнімге (ІЖӨ) 28 трлн доллар қосып, 11-26 пайыз деңгейіне жетуі мүмкін. Мұндай жағдайда Шығыс Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдерінде ІЖӨ 9 пайызға өсім көрсетуі мүмкін екен. 

              Қазақстандық әйел кәсіпкерлерді Еуропалық қайта құру және даму банкі жиі қолдайды. Жыл сайын 1000-нан астам әйел осы банктен қаржылай қолдау табады. 

              «Гендерлік теңдік – Қазақстанның әлеуметтік ғана емес, экономикалық өмірінде де өзекті үрдіс. Әйелдердің экономикаға белсенді араласуы елдің дұрыс даму жолында келе жатқанын, әр адамға тең мүмкіндік берілетінін көрсетеді. Қазіргі кезде Қазақстанның шағын және орта бизнесіндегі әйелдер кәсіпкерлігінің үлесі 43 пайызды құрайды» делінген банк хабарламасында. 

              Статистика бойынша қазақстандық әйелдер несие төлемін кешіктірмеу бойынша да өте мұқият. Бізде керісінше, ерлер қауымы несие төлеміне жауапсыз қарайтын көрінеді. Қазіргі уақытта Еуропа қайта құру және даму банкі әйелдер бизнесін өрістету мақсатында микроқаржы ұйымдары мен жергілікті банктерге мақсатты несие беріп отыр. Қазірге дейін 86,5 млн доллар қаржы бөлінген. Әрине, бұл аз ресурс емес. 

              «Банк стратегиясы бойынша біз «Әйелдер бизнесте» бағдарламасы аясында қазақстандық әйел кәсіпкерлерге қолдау көрсетеміз. Қазіргі таңда 300-ден астам әйелдер басшылық ететін компаниялармен бірігіп консультациялық жобаларды жүзеге асырдық. Сондай-ақ біз жыл сайын 1000-ға жуық кәсіпкер әйелдер мен басшы әйелдерді түрлі оқу бағдарламаларына, тренингтерге қатыстырамыз» дейді банктің шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасы бойынша менеджері Алма Қасымова. 

               Банктің қаржылық емес қолдау құралдары қатарында – әйел кәсіпкерлердің кәсіби экспертизаға, бизнес-коучинг, оқу бағдарламалары мен тәлімгерлікке қолжетімділігін қамтамасыз ету бар. Былтыр жағадан алған пандемияға қарамастан тәлімгерлік бағдарламасына қатысқан 50 әйел франшиза сатқан, жаңа нарықтарға шыққан және жаңа өнімдер өндіре бастаған. Бір қызығы, 2020 жылы пандемия қыспаққа алған кезде ерлерге қарағанда әйел азаматтар жұмыс істейтін және басқаратын бизнес ұйымдары көп зардап шеккен. Әйелдер кәсіпорындарының 75 пайызында табыс төмендеп кетсе, ерлер тарапында мұндай теріс көрсеткіш 60 пайызбек шектеледі. Сондай-ақ әйелдер ШОБ-ында орта есеппен 12-ден 9-ға дейін жұмыс орындарының саны қысқарған. 

              «Зерттеу көрсетіп отырғандай отбасылық бизнес жүргізіп отырған жетекшілердің бұл кәсібін өз ұрпағына тастап кетуге қатысты жоспары жоқ. Отбасылық компаниялардың тек 30 пайызы ғана өз кәсібін келер ұрпаққа қалдыруды сәтті істей алған. Отбасылық компаниялардың алдында тұрған басты міндет – инновация мен цифрландыруды тоғыстыра отырып қажетті дағдылар мен мүмкіндіктерге қол жеткізу» дейді Алма Қасымова. 

              Қазіргі дейін банк әйелдердің экономикалық мүмкіндігін кеңейту үшін 1,5 млрд еуро инвестиция құйған. Банк пайда болғалы бері гендерлік теңдік пен инклюзияны алға жылжыту мақсатында 350-ден астам жоба жұмыс істеп келе жатыр екен. 

              Осыған дейін ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев те әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қатысты ел аумағында 17 орталық құрылатынын мәлімдеген еді. 

              «Әр өңірден бір орталық ашылып, олар әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша жұмыс істей бастайды. Орталықтың басты міндеті – әйелдерге ақпараттық және консультативтік қолдау білдіру. Орталықтар министрлік, «Атамекен» ҰКП және Президент жанындағы отбасылық-демографиялық саясат және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның келісімі негізінде құрылады» деген еді. 

               Бұдан соң мемлекеттің де әйел кәсіпкерлерді қолдауға қатысты жобалары көбейе түсер деген үміт бар. Қазіргі кезде мемлекеттен қолдау алып отырған әйел кәсіпкерлер үлесі 32 пайыз мөлшерінде екен. Қолдау дегенде – банк несиесі мен гранттар туралы айтып отырмыз. Әрине, бұдан өзге оқыту, үйрету секілді қаржылық емес қолдау түрлері де бар. Жоғарыда айтып отырған Еуропа қайта құру және даму банкімен біздің үкімет тығыз жұмыс істейді. Қазірге дейін екі жақты келісім негізінде әйелдер басшылық ететін 300 кәсіпорын жергілікті консультанттардан тиісті кеңес алып, оларға жалпы сомасы 35,4 млрд теңге болатын 21,8 мың несие берілген. ...

Мәтіндегі ақпарат туралы