72 жастағы ақсақал Қазақстанды жаяу аралап жүр

72 жастағы ақсақал Қазақстанды жаяу аралап жүр

72 жастағы Сәрсенбай Қотырашов Қазақстанды жаяу аралап жүр. Сапарын «Ұлытауға бардың ба?» деп атап, жолға биыл 31 наурызда шыққан. Бүгін саяхатшы ақсақал елордаға жетті.

«Менің жаяу сапарым биыл 31 наурызда Ұлытаудан басталды. Елді жаяу аралаудағы үш мақсатым бар. Біріншіден, Ұлытаудың қазақ тарихында ерекше рөл атқаратынын көпшілікке насихаттау. Екінші мақсатым – Қазақстандағы қолөнер шеберлерінің тізімін жасақтау. Олармен кездесіп, бас қосу. Үшінші, ұмыт болып бара жатқан ұлттық қымызмұрындық мейрамын қайта дәріптеп, елге маңызын түсіндіру. Алланың берген қуаты мен халықтың қолдауының арқасында күннен күнге ширап келемін», - деді Сәрсенбай Қотырашов.



72 жасар ақсақал елордаға дейін 4 мың шақырымды жаяу бағындырып отыр.

Наурыздан бері Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Алматы, Қонаев, Талдықорған, Аягөз, Семей, Өскемен, Павлодар, Қарағанды қалаларында болған.


«Бейнетсіз еңбек жоқ дейді. Жол-жөнекей аздаған қиыншылықтар болды. Арбам сынып қалып, аяқ киімім тозып қалды. Сынып қалған арбаны сүйретіп келе жатқанымды көрген бір кісі үйіне шақырып, арбамды дәнекерлеп, қондырып, қонақ етіп шығарып салды. Бұл арбамен шатыр, төсек-орын, керек-жарақ құралдар және тамағымды алып жүрмін. Жалпы салмағы - 60 келі. Жолда тамақтан қиналған емеспін. Қазақ халқы дархан ғой. Жол-жөнекей кездескен азаматтар тамағың, суың бар ма деп сұрап, салып беріп жатты. Алла қуат берсек, алдағы мақсат – Меккеге жаяу бару», - дейді ол.




Сәрсенбай атамыз елді жаяу аралауды бұрыннан жоспарлаған.

«Басында жақындарым «жасың болса 70-тен асты, не істейсің жаяу жүріп, одан да денсаулығыңды күт» деді. Кейін үш мақсатымды айтқан соң, олар рұқсатын беріп шығарып салды. Жолда қараңғы түспей елдімекенге жетсем, сонда қонып жүрдім. Ал иен далада қалып қойсам тігетін шатырым бар», - деді жолаушы.





Алда саяхатшы атамызды тағы 4 мың шақырым жол күтіп тұр. Атап айтқанда, елордадан Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Атырау, одан әрі Ақтауға жетіп, сонда сапарын аяқтамақ.

Жолаушы ақсақалды елордада бір топ қолдаушылары күтіп алды. Олар шашу шашып, атаға шапан жауып, одан әрі сапарына сәттілік тіледі.



Айта кетсек, Сәрсенбай Қотырашов бүгін кешке елордадағы «Қазақконцерт» орталығында өтетін концертке қатысып, сол жерде жергілікті қолөнер шеберлерімен кездесу өткізеді.














Дереккөз ҚазАқпарат