фото: ekd.me
Қытайлық кәсіпкер Лян Ши 56 жасында жиырма жетінші мәрте жоғары оқу орнына түсуге сынақ тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат CNN агенттігіне сілтеме жасап.
56 жастағы Лян Ши көп жағынан табысты, шат-шадыман ғұмыр кешті. Түрлі салаларда жұмыс істеді, өз кәсібін ашып, үйленіп, ұлды болды.
Бірақ оның қол жетпеген бір арманы бар, ол - жоғары оқу орнына түсіп, диплом алу. Алайда оны істей алмағаны - бағын сынап көрмегеннен немесе дайындалып, тырыспағаннан емес. Ол оқуға түсу үшін 26 мәрте сынақ тапсырған.
Лян маусымның басында бүкіл ел бойынша 13 миллионға жуық студентпен бірге гаокао деп аталатын екі күндік ауыр емтиханды тапсырды.
Бұл - оның 27-ші рет гаокаоға қатысуы. 40 жыл бұрын, яғни 1983 жылы ол алғаш рет осы сынақты тапсырған, содан бері алған ұпайына еш қанағаттанған емес.
Гаокао - Қытайда жоғары оқу орнына түсудің жалғыз критерийі. Үміткерлерге жылына бір ғана мүмкіндік беріледі.
Лян өзінің табандылығының арқасында Қытайда біршама танымал. Бірақ әлі күнге дейін көздеген көрсеткішіне жете алмады.
Гаокаоны аяқтағаннан кейін ол TikTok-тың Қытайдағы баламасы Douyin-ге видео түсіріп, биыл емтихан сұрақтары ауыр болғанын, жақсы ұпай жинай алмауы мүмкін екенін айтты.
«Биыл жақсы университетке түсе алмауым мүмкін», - деді ол видеода.
Жұма күні жарияланған тест қорытындысы оның қорқынышын растады. Лян жалпы 750 ұпайдан 428 балл алды, бұл оның алдыңғы жылғы нәтижесінен төмен.
Бұл жылдар бойы рейтингте көш басында тұрған Сычуань университеті сияқты элиталық жоғары оқу орнын былай қойғанда, кей колледждерге түсуге де жеткіліксіз.
«Қатты көңілім қалды, шынымен. Ұпайым соншалықты нашар болады деп күтпедім. Бұл жолғы сынақ сәтсіз болғанын сезсем де, өткен жылғыдан төмен балл аламын деп ойламадым», - деді ол жергілікті бұқаралық ақпарат құралының әлеуметтік желідегі тікелей эфирінде.
Гаокао төрт пәнді қамтиды: қытай тілі, математика, ағылшын тілі және жаратылыстану ғылымдары (физика, химия және биология) немесе гуманитарлық ғылымдар (саясат, тарих және география).
Лян тікелей эфирде «барлық пәндерден көңілі қалғанын» айтты, әсіресе қытай тілі және гуманитарлық өнер пәндерінен ерекше төмен ұпай алған.
Сычуань тумасы Лян 1983 жылы талапкер ретінде алғаш рет гаокао тапсырды, бірақ колледжге түсуге жеткілікті ең төменгі баллды да жинай алмады.
Одан кейін тағы екі жыл тапсырып, алдыңғыларына ұқсас нәтиже көрсетті.
Келесі он жылда ол техника мектебінде білім алды, бірақ көп ұзамай оқуын тастады. Басқа да түрлі жұмыс істеп, ағаш зауытында еңбектенді, сосын үйленді.
Осының бәріне қарамастан, ол гаокао тапсыруын жалғастыра берді және арасында тәуір ұпай жинаған кезі де болды. Мысалы 1992 жылы Нанкин университетіне түсуге жеткілікті жоғары балл жинаған. Бірақ өзіне көңілі толмай ол ұсыныстан бас тартты.
Гаокаода қойылатын талаптарға байланысты ол сынақ тапсыруды тоқтатты. Өйткені жасы асып кетті. Сол аралықта сатушы болып жұмыс істеді, зауыт ашып, кәсіпкерлікпен айналысты.
2001 жылы үкімет тестілеуге қойылатын жас шектеуін алып тастап, талпынысын қайта бастауға мүмкіндік берді.
Лян Ши 2010 жылдан бері жыл сайын гаокао тапсырады.
Биыл ол сынаққа жақсы дайындалды, көп оқып, еңбектенді және қай университетке балы жетсе, соған түсуге бел буды.
Сычуань университетіне шамасы жетпейтінін мойындап, өзін қабылдайтын кез келген негізгі университетке түсуге шешім қабылдады.
Бірақ жұма күні нәтижесін көргенде 2024 жылы тестілеуді қайта тапсыратынын түсінді.
«Келесі жылы да мақсатыма жете алмасам, онда жоғары оқу орнына түсу жайлы арманымнан бас тартуым мүмкін», - дейді ол.
Биыл Қытайда 12,91 млн үміткер гаокао тапсырған, бұл өткен жылғыдан 980 мыңға көп.
Қытайда жастар арасында жұмыссыздық рекордтық деңгейде - 20,8%. Сарапшылар оның тағы бірнеше жыл бойы жоғары күйінде қала беретінін ескертіп отыр.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через