5 маусымда «Болашақ» бағдарламасы аясында құжат қабылдаудың үшінші легі басталады. Өтінімдер биылғы жылғы 7 шілдеге дейін eGov.kz мемлекеттік қызметтер порталы арқылы қабылданады.
17 шілде мен 15 қыркүйек аралығында өтінім қабылдаудың тағы бір легі өтеді.
2023 жылы «Болашақ» бағдарламасы аясында 555 стипендия бөлінді. Оның ішінде 395 стипендия магистратура және резидентура, 50 стипендия докторантура, 110 стипендия тағылымдама бағдарламалары бойынша үлестірілген. Басым мамандықтар тізімі 262 мамандықты көздейді.
«Биыл «Болашақ» стипендиясы аясында үміткерлерді іріктеу қағидалары жетілдірілді. Енді конкурсқа шетелдік жоғары оқу орны немесе ұйымнан академиялық оқуға гранты бар үміткерлер де қатыса алады. Бұл ретте, «Болашақ» бағдарламасы тұру, тамақтану, медициналық сақтандыру, ұшу, визалық алымдар, оқу материалдарын сатып алу шығындарын өтейтін болады. Сондай-ақ, еңбекпен өтеу мерзімі бір жылға қысқарады», - деп атап өтті «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Олжас Сәкенов.
«Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына жеңілдігі бар үміткерлерді қоспағанда, жетекші шетелдік жоғары оқу орнынан шартсыз шақыруы бар үміткерлер ғана қатыса алады.
Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы - «Болашақ» бағдарламасының конкурстық іріктеу ережелері жетілдірілді. Енді кандидаттар өтінім берген кезде шет тілінен емтихан тапсырғаны туралы сертификат ұсынады. Мысалға, ағылшын тілінде магистратураға түсушілер нәтижесі кемінде 9.0 – дан 6.0 IELTS, PBT 677- ден 498, IBT 120- дан 60 TOEFL сертификаттарын, тағылымдамадан өтушілер - IELTS 5.0, PBT-417, IBT-35 TOEFL, DET 75 сертификаттарын ұсынуы тиіс.
Дереккөз Халықаралық бағдарламалар орталығының баспасөз қызметі. Фото toppress.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через