Амандасу әдебін қалыптастыру мәселесі — ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеу, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, өзара сыйластық пен әдептілік құндылықтарын орнықтыру тұрғысынан өзекті
Білім алушылардың амандасу әдебіне байланысты әдістемелік ұсынымдар әзірленіп жатыр. Бұл туралы Құрылтай депутаттарының сауалына Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың жауабында айтылған, деп жазды kaz.inform.kz.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың ІІ отырысында берген тапсырмасына сәйкес «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы әзірленді. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының аясында жаңа халықтық Конституцияның құндылықтары, «Таза Қазақстан», «Заң мен Тәртіп», «Еңбек адамы» идеологемалары негізінде білім алушылардың бойында ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастыруға, мәдени мінез-құлық пен әдеп нормаларын сақтауға, жауапкершілік пен өзара құрметті дамытуға бағытталған жүйелі тәрбие жұмысы жүргізіліп жатыр.
Бағдарламаның негізгі құндылықтары — тәуелсіздік пен патриотизм, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына және білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие процесінің мазмұнына енгізілді, — деді министр.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта бағдарлама республикадағы барлық 20 877 білім беру ұйымында (12 066 мектепке дейінгі ұйымда, 8 048 мектепте және 763 колледжде) оқу және сабақтан тыс тәрбие жұмыстары, сынып және курс сағаттары аясында жүзеге асырылады.
— Осы ретте, білім алушылардың амандасу әдебін қалыптастыру мәселесі — ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеу, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, өзара сыйластық пен әдептілік құндылықтарын орнықтыру тұрғысынан өзекті. Мемлекет басшысының амандасу әдебін ұлттық құндылықтарға сай дамыту жөніндегі тапсырмасы тәрбие жұмысын жетілдіруге негіз болады. Бүгінде Оқу-ағарту министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ғалымдар, сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдерінен жұмыс тобын құрды. Білім алушылардың амандасу әдебіне байланысты әдістемелік ұсынымдар әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министр аталған ұсынымдардың мазмұнында білім беру процесіне қатысушылардың, мүдделі тараптардың, мемлекеттік органдардың ұсыныстары мен пікірлері ескерілетінін және депутаттармен қосымша талқыланатынын атап өтеді.
Материал kaz.inform.kz сайтынан алынды.