Депутат Айжан Сқақова экологиялық ақпараттың қолжетімділігіне бөлінетін бюджет қаражатының тиімділігі мәселесін көтерді
Эколог, Құрылтай депутаты Айжан Сқақова 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын бірінші оқылымда қарау барысында Экология және табиғи ресурстар министріне экологиялық ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету және бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселелері бойынша сұрақ қойды, деп хабарлдайды "Сапалы Қазақстан" порталы.
Депутат экологиялық ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз етуге жыл сайын 494 млн теңге қарастырылғанына назар аударды. Оның ішінде 384 млн теңге Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкіне, ал 110 млн теңге Мемлекеттік экологиялық ақпарат қорының веб-ресурсына бағытталады.
Алайда аталған ақпараттық ресурстардың нақты жағдайы бірқатар сұрақ туғызады. Атап айтқанда, Мемлекеттік экологиялық ақпарат қорының нормативтік-құқықтық ақпаратқа қатысты жекелеген бөлімдері 2006 жылдан бері, ал мемлекеттік экологиялық мониторинг деректері 2011 жылдан бері жаңартылмаған, деп атап өтті Айжан Сқақова.
Депутат тиімділіктің нысаналы көрсеткіштеріне де ерекше назар аударды. Ұсынылған бюджеттік материалдарға сәйкес, 2029 жылға қарай Ұлттық деректер банкіне қолжетімділік көрсеткіші небәрі 0,38%, ал экологиялық ақпаратты тарату көрсеткіші 0,29% деңгейінде жоспарланған.
Осыған байланысты Айжан Сқақова министрден аталған көрсеткіштердің қандай әдістеме және есептік база негізінде анықталғанын, сондай-ақ жыл сайын бюджет қаражаты бөлінгеніне қарамастан, ақпараттың ұзақ жылдар бойы жаңартылмау себептерін түсіндіруді сұрады.
Экологиялық ақпараттың қолжетімділігі мемлекеттік ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуімен ғана шектелмейді. Бұл - экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және қоғамдық бақылауды жүзеге асырудың маңызды құралдарының бірі, дейді Құрылтай депутаты.
Өзекті әрі сенімді экологиялық деректер атмосфералық ауаның сапасын, су ресурстарының, топырақтың және биоалуантүрліліктің жай-күйін бағалау, ластану көздерін анықтау және экологиялық тәуекелдерді болжау үшін қажет.
Азаматтар үшін бұл - өздері өмір сүріп жатқан қоршаған ортаның жағдайын және денсаулығына әсер етуі мүмкін факторларды білу мүмкіндігі. Ғалымдар үшін - ғылыми зерттеулер мен объективті талдаудың негізі. Мемлекеттік органдар үшін - негізделген басқарушылық шешімдер қабылдау құралы, ал қоғамдық ұйымдар үшін - тәуелсіз экологиялық бақылауды жүзеге асыру мүмкіндігі, деп мәлімдеді Айдан Сқақова.
Экологиялық ақпараттың ашықтығы Қазақстанның Орхус конвенциясы аясындағы халықаралық міндеттемелерінің де маңызды бөлігі болып табылады.
Аталған конвенция жұртшылықтың экологиялық ақпаратқа қол жеткізу, қоршаған ортаға қатысты шешімдер қабылдауға қатысу құқықтарын бекітеді.
«Егер мемлекет жыл сайын экологиялық ақпараттық ресурстарға жүздеген миллион теңге бөлсе, қоғам өзекті, толық әрі қолжетімді деректерді алуға құқылы. Бюджет қаражатының тиімділігі құрылған ақпараттық жүйелердің санымен емес, олардың азаматтарға, ғылымға және мемлекетке тигізетін нақты пайдасымен бағалануы тиіс», - деп есептейді Айжан Сқақова.
Депутат бюджет қаражатының нәтижелі жұмсалуына бақылауды күшейту, экологиялық ақпараттық жүйелердің тиімділігін бағалау тәсілдерін қайта қарау және жарияланатын деректердің тұрақты жаңартылуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Ашық экологиялық ақпарат - мемлекеттік экологиялық саясаттың ашықтығын қамтамасыз етудің, экологиялық тәуекелдердің алдын алудың және қоғамның қабылданатын шешімдерге деген сенімін арттырудың маңызды шарты, деді Айжан Сқақова.