АҚШ-та блогерлердің қызметіне арналған бірыңғай федералды заң жоқ. Оның орнына жекелеген штаттардың заңнамасы, әлеуметтік платформа ережелері қолданылады. Көбіне жарнама, брендтермен серіктестік, авторлық құқық, салыққа қатысты бақылау көп. Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі тақырыпқа шолу жасады.
Жарнама және серіктестік
АҚШ-та кез келген компания блогерге ақылы жарнама ұсынса, ол келісім міндетті түрде аудиторияға анық хабарлануы тиіс. Мұндай қағида тауар, қызмет, тегін өнім, жеңілдік – бәріне қатысты. Яғни блогер өзінің брендпен байланысы барын байқатуы қажет. Бұл Instagram, TikTok, YouTube, подкасттар, жалпы цифрлық контенттің бәріне ортақ ереже.
Жарнамалық контенттерге қойылатын талапты АҚШ-тың Федералды сауда комиссиясы (Federal Trade Commission, FTC) белгілейді. Арнайы заңда жосықсыз, адамдарды жаңылыстыратын әрекеттерге тыйым салынған. Интернет-жарнама болсын, маркетинг пен сатылымға болсын, бақылау қатаң.
Мұндағы принцип анық. Контенттің жарнамалық сипаты және брендпен байланысы туралы ақпарат түсінікті әрі көзге түсетіндей болуы керек. Оны ұзақ мәтіннің соңына, профильдің бөлек бетіне немесе көп хэштегтің арасына жасыруға болмайды. Видео мен Stories-те жарнама туралы ақпарат бәрі көре алатындай, ести алатындай және дұрыс түсінетіндей етіп ұйымдастырылуы тиіс.
Дәл осы принцип интернеттегі басқа жарнамаларға да қатысты: автор маңызды шарттарды айқын көрсетуі қажет, ал қосымша жарнамалық ескертпе жақын орналасуы шарт.
АҚШ-тағы блогерлердің жарнамасына қойылатын талапты жіктесек:
· Анық: ақпарат жақсы көрініп, оңай оқылатын әрі түсінікті болуы тиіс.
· Қолжетімді: ақпарат әртүрлі құрылғы мен платформада дұрыс көрсетілуі керек.
· Гиперсілтеме: сілтемелер тікелей ақпаратқа апаруы тиіс.
· Уақыт: тұтынушы сатып алу туралы шешім қабылдағанға дейін маңызды ақпаратты алуы керек.
· Қайталану: сату науқаны кезінде жарнама ережесін сайтқа қайталап салу қажет.
· Түсінікті: мәтін, дыбыс және визуалды элементтер айқын болуы тиіс.
Айта кетерлігі, блогер тауардың сипаты мен тиімділігі туралы жалған мәлімдеме жасауына болмайды. Мысалы, жеткілікті дәлелсіз белгілі бір нәтижеге кепілдік беруге немесе автор өнімді өзі қолданбаса да, қолданғандай әсер қалдыруға жол берілмейді.
Ал дәрі-дәрмек, медициналық қызмет, қаржылық өнім, косметика және арнайы бақыланатын тауарларды жарнамалаудың қосымша талабы бар.
Сыйлық пен салық
Блогердің табысы мен сыйлық ретінде алған қаржысы үнемі бақылауда болады. Егер бренд блогерге жарнама үшін тауар немесе қызмет ұсынса, мұндай пайда кіріс ретінде қарастырылуы мүмкін. Бұл қағида бренд блогерге ақшалай төлем жасамаса да ескеріледі. Өйткені АҚШ-тың Салық қызметі (IRS) төлем ретінде ақшаны ғана емес, сонымен қатар мүлікті, тауарды кәсіби қызметтен түсетін табысқа балауы ықтимал. Сондықтан брендтермен тұрақты жұмыс істейтін блогерлер заттай төлемдерге де сақтықпен қарайды.
Авторлық құқық
Өзге елдердегідей емес, АҚШ-та Google мен әлеуметтік желідегі кез келген контентті еркін пайдалану қиын. Ол үшін АҚШ-тың Авторлық құқық туралы заңнамасын (Copyright Law of the United States) ескеру керек. Себебі АҚШ Кодексінің 17-бөлімі 102-бабына сәйкес, кез келген авторлық құқық қатаң қорғалады. Оның ішіне әдеби, музыкалық, драмалық, хореографиялық, бейнелеу, графикалық шығармалар, мүсіндер, аудиовизуалды туындылар, кинофильмдер мен дыбыс жазбалары, сәулет туындылары кіреді.
Алайда заң идеяның өзін ғана қорғайды, ал оған жасалған сілтемеге еш уәж айтуға құқы жоқ. Сонымен қатар fair use («адал пайдалану») доктринасы аясында авторлық құқықпен қорғалған материалды автордың рұқсатынсыз-ақ пайдалануға болады. Мұнда пайдалану мақсаты мен сипаты, шығарманың өзіндік ерекшелігі, алынған материалдың көлемі және оның коммерциялық мүддесі ескеріледі. Әрине, fair use өзге біреудің контентін жариялауға берілген әмбебап рұқсат емес, сирек қолданылатын әдіс қана.
АҚШ-та контент авторын көрсету мен түпнұсқаға сілтеме жасау жеткіліксіз. Сондықтан америкалық блогерлер өз материалын әзірлеуге тырысады. Оған мүмкіндік болмаса, автордың рұқсатын алуға, қолжетімді контентті пайдалануға жүгінетіндер көп.
Бұл блогерге жалғыз сынақ емес. Платформалардың (TikTok, Instagram, YouTube) өз ережелері тағы бар. Авторлық құқықтың салдарыран шағым түсуі, контенттің өшірілуі немесе аккаунтқа санкция қолданылуы ғажап емес.
Блогерлік қызметтен түсетін табыс қалай есептеледі?
АҚШ-та блогерлік қызметтен түсетін кез келген табысқа салық салынады. YouTube, TikTok, Instagram секілді платформаларының төлемін ғана қарайды деу қате, сонымен қатар жарнама берушінің сыйақыларына, демеушілік келісімшарттарға, жарнама орналастыруға және тапсырыспен контент жасауға алынған ақыға да салық бар.
АҚШ-тың Ішкі кірістер қызметінің (Internal Revenue Service, IRS) хабарлауынша, контент жасаушылар мен әлеуметтік желілердегі ықпалды тұлғалардың табысы ретінде бірнеше санат қарастырылған. Оған кәсіби қызмет аясында алынған ақшалай төлем, мүлік, тауар мен қызметтер жатады.
Қазір блогерлер жұмысқа байланысты кіріс-шығыс есебін жүргізіп, төлемдер мен жұмсалған шығынды растайтын құжаттарды сақтауды әдетке айналдырған. Бұл салықты дұрыс есептеуге және қажет болған жағдайда шығындарды дәлелдеуге мүмкіндік береді.
АҚШ-та брендтерден тегін алынған тауар мен қызметке ерекше назар аударады. Егер компания жарнама үшін блогерге қымбат тауар берсе, оны әдеттегі сыйлық ретінде қабылдай алмайды. Бәрі салық төлеу кезінде тексеріледі.
Штаттардың заңы әртүрлі
АҚШ-тағы блогерге салынатын салық мөлшері қай штатта жұмыс істейтініне де байланысты. Тақырыпты түсіну үшін блогер төлеуі керек салық түрін қарайық. Кез келген интернет арқылы ақша табатын адам федералды табыс салығын (income tax), сондай-ақ Social Security және Medicare әлеуметтік сақтандыру бағдарламалары үшін өзін-өзі жұмыспен қамту салығын (self-employment tax) төлеуі қажет.
Бұл ретте әр штат қосымша өз салық салу ережесін бекіткен. Мысалы, Флоридада штаттың жеке табыс салығы жоқ. Алайда бұл блогерлерді федералды салықтан босатпайды. Егер өз бетінше жұмыс істейтін контент авторы жылына $100 мың тапса, ол бәрібір қолданыстағы федералды салықтарды, соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамту салығын төлеуі тиіс.
Калифорнияда да салық шарттары өзгеше. Егер блогер штат аумағында коммерциялық қызметпен айналысса, ол жергілікті салықты төлеп, бизнесті тіркеуге мінтетті. Мысалы, Калифорнияда тіркелген жауапкершілігі шектеулі серіктестік (LLC) жыл сайын $800 көлемінде салық төлейді. Сонымен қатар штатта жұмыс істегені үшін жалпы кірістің белгілі бір мөлшерінде қосымша алым бар: LLC-дің жалпы кірісі $250 мыңнан $499 999 аралығында болса, $900, $500 мыңнан $999 999-ға дейін – $2 500, $1 млн-нан $4 999 999-ға дейін — $6 мың, ал $5 млн-нан жоғары болса – $11 790. Бұл төлемдер компания мен оның иелерінің басқа салығын алмастырмайды.
Осылайша, АҚШ-та блогер бөлек заңды санатқа бөлінбейді: табыс табу үшін контент авторы, жарнамалық серіктес немесе жеке кәсіпкер ретінде әрекет етуі тиіс. Соған орай салық пен талап та өзгеріп отырады.
Блогерлер қандай ережені сақтауы керек?
АҚШ штаттарында біршама заңнамалық алшақтық бары түсінікті, десе де бәріне ортақ қағиданы байқауға болады:
1. Брендтермен серіктестікті ашық көрсету және аудиторияға материалдың коммерциялық сипаты туралы хабарлау.
2. Жалған жарнама таратпау және дәлелдеу мүмкін емес мәлімдеме жасамау.
3. Кірістерді, соның ішінде салық салынатын заттарды есепке алу және декларациялау.
4. Өзге біреудің фотосуретін, видеосын, музыкасын және басқа да материалдарын пайдалану кезінде авторлық құқықты сақтау.
5. Жұмыс істейтін штаттың салық және тіркеу талабын орындау.
6. Контент жарияланатын әлеуметтік платформа ережелерін сақтау.
https://kaz.inform.kz/