Әдемі қартаюдың сыры неде...

Әдемі қартаюдың сыры неде...

фото: Ұлттық госпиталь

        Жыл сайын қазан айында халықаралық  қарттар күні атап өтеміз. Осыған орай 3- қазанда  Ұлттық госпитальде  III Ұлттық геронтологиялық конференция өтеді. Жиынның  құрметті қонағы  медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Еуразиялық геронтология, гериатрия және қартаюға қарсы медицина қауымдастығының президенті Валерий Бенберин, Ұлттық госпиталь дәрігерлері, сондай-ақ Қазақстанның медициналық және білім беру ұйымдарының мамандары қатысады. Біз Ұлттық госпитальдің профпатолог дәрігері Жібек Айтбаевамен осы тақырыпта сұхбаттасқан едік.

        Қазіргі уақытта геронтология саласындағы ең күрделі мәселе деп нені айтар едіңіз?

       - Менің ойымша, қазіргі геронтологиядағы негізгі мәселелердің бірі — адамның ұзақ өмір сүруімен қатар, оның белсенді және сапалы өмір сүру жылдарын ұзарту. Бүгінгі  медицина адамның өмір сүру ұзақтығын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Бірақ ұзақ өмір сүрудің өзі жеткіліксіз. Ең маңыздысы — егде жастағы адамның тәуелсіздігін, қозғалысын, когнитивтік қабілетін және қоғамдағы белсенділігін сақтау.Сондықтан қазіргі геронтология тек ауруларды емдеуге емес, қартаюды ерте кезеңнен басқаруға, созылмалы аурулардың алдын алуға, функционалдық қабілетті сақтауға және еңбек ұзақтылығын қамтамасыз етуге бағытталуы қажет.

       Ұлттық госпитальде өтетін конференцияда талқыланатын басты тақырыптарға тоқтала кетсеңіз.                                      

       -Конференцияның  негізгі мақсаты— егде жастағы адамдардың денсаулығын сақтаудың және еңбекке қабілеттілігін ұзартудың заманауи тәсілдерін талқылау. Конференция барысында жүрек-қантамыр ауруларының профилактикасы мен емі, қарт адамдардағы қант диабеті және басқа созылмалы аурулардың  дамуы  мен емі, когнитивтік бұзылулар мен деменцияны ерте анықтау, егде жастағы мультиморбидтілігі бар науқастарды бақылау, қарттық астенияны ерте анықтау және алдын алу.

       Сондай-ақ әлемдік трендтер Еуропалық кардиология қоғамының (ESC 2026) ең соңғы ғылыми жаңалықтары мен халықаралық стандарттарын өзімізде медициналық тәжірибеге енгізу. Гериатриялық тәжірибедегі физикалық медицина мен оңалту шараларының нәтижелері мен болащағы, егде жастағы науқастарды үйдегі стационар жағдайында бақылау жайлы тақырыптар талқыланады. Бұл бағыттардың барлығы – адамның жасына емес,оның функционалдық мүмкіндігіне назар аударуға жетелейді.

       Еліміз бойынша қартаю  процесі  жайлы қандай ақпарат айтасыз? Ұзақ жасаған жандар жайлы статистикалық мәлімет бар ма?

       -Қазақстан БҰҰ шкаласы бойынша «қартайып келе жатқан мемлекеттер» санатына жатады, себебі елімізде 65 жастан асқан тұрғындардың үлесі 8%-дан асты (халықаралық ереже бойынша бұл көрсеткіш 7%-дан асса, халық қартайған болып саналады).Өмір сүру ұзақтығы мемлекеттің мақсатты қолдауы мен медицинаның дамуы арқасында соңғы жылдары елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы өсіп, 75 жастан асты. Ұзақ жасаушылар жайлы  мәліметке келсек,  елімізде  90 жастан асқан 40 мыңнан астам адам болса, 100 жастан асқан қариялардың саны 1000-нан асады.  Қарттардың көпшілігі Алматы қаласы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында шоғырланған. Бұл көрсеткіштер елімізде геронтологиялық және гериатриялық көмекті дамытудың маңыздылығын дәлелдейді.

       Қартаю адамның миында болатын өзгеріс пе, әлде ағзаның әлсіреуі ме?

       -Қартаюды тек мидың өзгеруі немесе ағзаның әлсіреуі деп қарастырмаймыз. Қартаю — бүкіл ағзада жүретін күрделі, көп факторлы биологиялық процесс. Жас ұлғайған сайын жүрек-қантамыр, жүйке, бұлшықет-сүйек, эндокриндік және басқа жүйелерде белгілі бір өзгерістер болады. Сонымен қатар мида да жасқа байланысты өзгерістер жүреді. Бірақ маңызды нәрсе — қалыпты қартаю мен ауруға байланысты өзгерісті ажырату. Мысалы, жас ұлғайған кезде ақпаратты қабылдау немесе есте сақтау жылдамдығы аздап өзгеруі мүмкін. Бірақ адамның күнделікті өміріне айтарлықтай кедергі келтіретін когнитивтік төмендеу қалыпты қартаю деп саналмайды.

       Қартаюдың басты белгілерінің бірі — деменция деуге бола ма?

       -Жоқ, деменцияны қалыпты қартаюдың міндетті немесе басты белгісі деп айтуға мүлдем болмайды. Қартаю — бұл табиғи физиологиялық процесс, ал деменция — патологиялық процесс. Жас ұлғайған сайын ақпаратты еске түсірудің сәл баяулауы немесе ұсақ-түйекті ұмыту (мысалы, есімдерді немесе заттың қайда тұрғанын ұмыту) қалыпты жағдай болуы мүмкін. Деменция (соның ішінде Альцгеймер ауруы) — бұл ми жасушаларының зақымдануы мен жойылуынан туындайтын ауру. Оған шалдыққан адам тек ұмытып қана қоймайды, өзін-өзі күту қабілетінен, логикалық ойлаудан, уақыт пен кеңістікті бағдарлаудан толық айырылады. Медицина мен геронтологтардың басты мақсаты — мидың белсенділігін ерте жастан қолдау арқылы адамдардың деменцияға шалдықпай, қартайған шағында да ақыл-ойы сергек, санасы тұнық болуын қамтамасыз ету.

       Қорытындылай келгенде:  «Бүгінгі геронтологияның мақсаты — адамға тек ұзақ өмір сыйлау емес, оның ұзақ жылдар бойы белсенді, тәуелсіз және сапалы өмір сүруіне мүмкіндік жасау. Яғни, біз өмір ұзақтығын ғана емес, денсаулық пен еңбекке қабілетті өмірдің  ұзақтығын арттыруға ұмтылуымыз керек.

       Ұлттық госпитальдің журналисі

       Жазира Зәкірқызы

Читайте также

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз