Қоқысты жейтін күнге жеттік пе?

Қоқысты жейтін күнге жеттік пе?

фото: oxu.az

       Бір сәт көз алдымызға елестетіп көрейікші. Дастарқанда буы бұрқыраған ыстық нан емес, зертханада жасалған тағам тұр. Ал оның құрамының бастауында кеше ғана қоқыс жәшігіне лақтырылған пластик бөтелке бар. Бір қарағанда, бұл – ғылыми фантастика секілді. Бірақ америкалық ғалымдардың тәжірибесі адамзатты осындай ойдың өзіне байыппен қарауға мәжбүрлеп отыр.

       АҚШ-тағы Оңтүстік Иллинойс университетінің ғалымдары қайта өңделген пластиктен печенье әзірлеген. Жобаға НАСА агенттігі бастамашы болған. Мұның да өзіндік себебі бар. Ғарышкердің асы қарапайым тағамнан өзгеше: ол жеңіл болуы әрі ұзақ уақыт сақталуы тиіс. Демек, ғарыштағы шектеулі кеңістік пен азық мәселесі ғылымды біз күтпеген шешімдерді іздеуге итермелеп отыр.

       Ғалымдардың тәжірибесінде пластик бөтелке әуелі химиялық жолмен ыдыратылады. Кейін оған гендік модификацияланған ашытқы қосылады. Нәтижесінде пластик құрамындағы көміртек биологиялық затқа айналады. Ал зертханада 3D-принтердің көмегімен дайындалған өнімнің ақуызға бай екені айтылған.

       Бұл жерде ең маңыздысы – пластикті сол күйінде адамның алдына тағам етіп қою емес. Ғалымдар оның құрамындағы белгілі бір заттарды өңдеп, басқа формаға айналдыруға тырысып отыр. Яғни мәселе – қоқыстың өзін жеуде емес, адамзат өзі өндіріп, өзі көбейтіп отырған қалдықты жаңа ресурсқа айналдыру жолын іздеуде.

       Бірақ осының өзі жүрекке салмақ түсіретін бір сұрақты көлденең тартады: біз табиғатты соншалықты ластап алдық па, енді өз қоқысымыздан азық іздейтін жағдайға жеттік пе?

       Әлемде жыл сайын 130 миллион тонна пластик қоқысқа тасталады. Күн сайын қолымызға ұстап, бірер минуттан соң қажетсіз деп шығарып салатын пластиктің мөлшері осындай ауқымға жеткен. Бір бөтелке – ұсақ нәрсе сияқты. Бірақ миллиардтаған адамның қолындағы «ұсақ нәрсе» жиналғанда, ол ғаламдық мәселеге айналады.

       Бір жағында – пластикке толған әлем. Екінші жағында – саны үздіксіз өсіп келе жатқан адамзат. Қазір Жерде 8 миллиардтан астам адам өмір сүреді. Ал алдағы 20-30 жылда бұл көрсеткіштің 9 миллиардқа жетуі мүмкін екені айтылып отыр. Адам көбейген сайын азыққа деген қажеттілік те артады. Сондықтан ғалымдар азық-түлік тапшылығының алдын алудың жаңа жолдарын іздеуге мәжбүр.

       Міне, осы тұста пластиктен алынған ақуызды өнім туралы тәжірибе мүлде басқа қырынан көрінеді. Бұл жай ғана тосын жаңалық емес. Бұл – табиғаттың мүмкіндігі мен адамзаттың тұтыну әдетінің арасындағы қайшылықтың белгісі.

       Біз бүгін пластикті өндіреміз. Оны пайдаланамыз. Сосын қоқысқа тастаймыз. Ал табиғат сол қалдықты үнсіз қабылдай береді. Бірақ табиғаттың үнсіздігі оның шексіз шыдамын білдірмейді. Біз тастаған әрбір бөтелке, әрбір пластик қалдық қоршаған ортаға түсетін салмақты арттыра береді.

       Ғылым болса, енді сол шеңберді басқа жолмен жабуға талпынып отыр: пайдаланылған пластикті қайта алып, одан жаңа өнім жасау. Бүгін бұл – зертханадағы тәжірибе. Өнімнің бір келісі шамамен 60 доллар тұрады. Алайда ғалымдар өндіріс көлемі артқан сайын бағасы арзандауы мүмкін деп есептейді.

       Бәлкім, адамзаттың болашағы дәл осы жерде тұрған шығар. Болашақта біз қоқыс деп тастаған заттың бәрін жоюды емес, оның бойындағы мүмкіндікті пайдалануды үйренерміз. Бір кезде пластик тек тұрмыстық бұйым жасауға арналған материал болса, енді оның құрамындағы көміртекті биологиялық затқа айналдырудың жолы зерттеліп жатыр.

       Алайда технология қанша жерден дамыса да, бір нәрсе өзгермеуі керек. Ол – адамның табиғатқа деген жауапкершілігі.

       Пластиктен тағам жасау мүмкіндігі табылды екен деп, біз оны бұрынғыдан да көп өндіруге немесе қоршаған ортаны одан әрі ластауға хақылы емеспіз. Керісінше, бұл тәжірибе адамзатқа өз қателігінің ауқымын көрсететін ескерту секілді.

       Өйткені ең ащысы – ертең пластиктен тағам жасай алатынымыз емес. Ең ащысы – адамзаттың табиғатты қорғаудың орнына, өзі шашқан қоқысты қайтадан қажет етуге мәжбүр болуы мүмкіндігі.

       Ғарышкер үшін ұзақ сақталатын жеңіл тағам қажет шығар. Ал Жердегі адам үшін ең қажет нәрсе – таза ауа, таза су, құнарлы топырақ және қауіпсіз азық.

       Сондықтан «қоқысты жейтін күнге жеттік пе?» деген сұраққа әзірге жауап іздеуден бұрын, басқа бір сұрақты өзімізге қоюымыз керек: біз табиғатты сақтай алатын күнге қашан жетеміз?

       Өйткені ертеңгі ұрпаққа қалдыратын ең қымбат мұра – зертханада басылған печенье емес, қоқысқа тұншықпаған таза Жер болуы тиіс.

Читайте также

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз