Өнерге жас ерекшелігі кедергі емес

Өнерге жас ерекшелігі кедергі емес

фото: aqshamnews.kz

       Алматыда  елу жастан асқан әуесқой өнерпаздарға арналған «Алматыны аяла!» атты қалалық байқау басталды. Жоба аға буынның өнерін ұлықтап қана қоймай, олардың мәдени өмірге белсене араласуына жол ашуды көздейді.

       Сахна төрінде ән шырқалып, күй күмбірлеп, би әуелемек. Байқауға Алматыда тұратын 50 жастан асқан жеке орындаушылар мен шығармашылық ұжымдар қатыса алады. Өнер додасы ән, күй және хореография бағыттарын қамтиды. Әр қатысушы немесе ұжым бес минуттан аспайтын бір өнер нөмірін ұсынады.

       Өнерпаздардың алғашқы іріктеуі 3-15 қыркүйек аралығында қаланың сегіз ауданында өтеді. Аудандық кезеңнен сүрінбей өткен үздіктер финалға жолдама алады. Ал байқаудың шешуші кезеңі 18 қыркүйекте «Алатау» дәстүрлі өнер театрының сахнасында ұйымдастырылады.

       Бұл байқаудың тағы бір ерекшелігі – жүлде қорының қомақтылығы. Бас жүлдеге лайық деп танылған өнерпазға 3 миллион теңге, екінші орын иегеріне 2 миллион, үшінші орынға 1 миллион теңге беріледі. Сонымен қатар бес қатысушыға 300 мың теңгеден ынталандыру сыйлығы табысталады.

       «Алматыны аяла!» – өнерге жас шектеуі жоқ екенін көрсететін, аға буынның тәжірибесін кейінгі ұрпақпен сабақтастыратын мәдени жоба. Ән мен күйдің, бидің өнегесін сахнаға шығарып, ұлттық өнерді жаңаша тыныспен жалғастыруға мүмкіндік беретін байқау биыл Алматының мәдени күнтізбесіндегі айтулы шаралардың біріне айналмақ.

Читайте также

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз