Электромобиль ерлер денсаулығына зиян ба? Зерттеу не дейді?

Электромобиль ерлер денсаулығына зиян ба? Зерттеу не дейді?

фото: pexels.com

Электрмобильдер, соның ішінде түрлі жеңілдіктердің арқасында, танымал бола бастады. Мәселен, Қазақстанда жеңіл электрмобиль иелері көлік салығынан босатылған. 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша елімізде 24 634 жеңіл электрмобиль тіркелген.

Дегенмен кейбір жүргізушілер мұндай көліктің денсаулыққа зиян тигізуі мүмкін екеніне әлі де күмәнмен қарайды, деп жазды kaz.tengrinews.kz. Әсіресе, әдетте салон еденінің астында орналасатын тартқыш батарея сұрақтар туғызады.

Мәселен, такси жүргізушілері арасында электрмобильдер ерлердің белсіздігіне әсер етеді деген пікір бар. Tengri Auto тілшісі бұл қауіптердің ғылыми негізі бар-жоғын және электрмобильді басқару репродуктивті денсаулыққа әсер ете алатынын анықтау үшін Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолдады.

Зерттеулер нені көрсетті?

Ресми сауалға берген жауабында Денсаулық сақтау министрлігі бұл салада зерттеулердің бірнеше рет жүргізілгенін хабарлады. Ғалымдар электрмобиль ішіндегі электрмагниттік өрістерді өлшеп, мұндай өрістердің адамның репродуктивті функциясына тигізуі мүмкін әсерін зерделеген.

Анықтама: Электрмагниттік өрістер көліктің электр жүйелері жұмыс істеген кезде пайда болады. Атап айтқанда, сымдар арқылы өтетін ток олардың айналасында магнит өрісін түзеді.

Электрмагниттік өрістердің әсерін азайту үшін әдетте экрандау әдісі қолданылады. Арнайы корпустар мен қорғаныс материалдары өрістерді әлсіретеді, алайда мұндай қорғаныстың тиімділігі олардың жиілігіне және экранның конструкциясына байланысты.

Жүргізуші мен жолаушылардың қандай әсерге ұшырайтынын анықтау үшін зерттеушілер электрмагниттік өріс деңгейін тікелей көлік салонында өлшейді.

"Зерттеу нәтижелері электрмобильді пайдаланудың өзі жүргізушінің бедеулігіне немесе репродуктивті қабілетінің төмендеуіне әкелетінін растамайды", - деп жауап берді ведомство өкілдері.

Әлемдік зерттеулер

Денсаулық сақтау министрлігі ғалымдардың электрмобиль ішіндегі электрмагниттік өрістердің деңгейін де, олардың ағзаға тигізер ықтимал әсерін де зерттегенін түсіндірді. Бұл ретте зерттеулерді ажырата білу маңызды: олар өрістердің әртүрлі типтеріне және әсер ету жағдайларына арналған.

Мәселен, Vassilev және оның авторлас әріптестері сегіз электрлі көліктің магнит өрісін өлшеген. Жұмыс нәтижелері IEEE Transactions on Electromagnetic Compatibility журналында жарияланды.

Салонның әртүрлі бөліктеріндегі көрсеткіштер Иондаушы емес сәулеленуден қорғау жөніндегі халықаралық комиссияның (ICNIRP) 2010 жылғы ұсынымдарында белгіленген референттік деңгейлермен салыстырылды.

Әсер етудің ең жоғары есептелген деңгейі референттік мәннің шамамен 20 пайызын құрады. Ол батарея жанындағы жекелеген аймақтарда және көлікті оталдыру кезінде аяқ тұсында тіркелді. Ал алдыңғы жолаушының бас деңгейінде бұл көрсеткіш 2 пайыздан аспаған.

Осылайша, өлшенген мәндер ұсынылған шекті деңгейден төмен болды. Дегенмен бұл зерттеудің өзі жүргізушілердің репродуктивті денсаулығын емес, өріс деңгейін ғана бағалаған.

Министрлік ДДҰ бастамасымен жүргізілген жұмыс аясында 2024 жылы жарияланған радиожиілікті электрмагниттік өрістердің ерлердің репродуктивті жүйесіне әсері туралы зерттеулердің жүйелі шолуына сілтеме жасады.

Эксперименттік зерттеулерде авторлар репродуктивті көрсеткіштердің кейбір өзгерістерін анықтаған. Сонымен бірге көптеген жағдайда дәлелдемелердің сапасы өте төмен деп бағаланды. Көптеген эксперименттегі әсер ету деңгейі адамның күнделікті өмірде кездесетін деңгейінен әлдеқайда жоғары болған.

Бұдан бөлек, шолуда қарастырылған радиожиілікті өрістерді электрмобильдің қуат жүйелерінен шығатын магнит өрістеріне тікелей теңестіруге болмайды. Сондықтан бұл эксперименттердің нәтижелерін жүргізушілерге таңу дұрыс емес.

Келтірілген деректер электрмобиль айдау бедеулікке соқтыратынын растамайды. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, мұндай сапарлар мен репродуктивті функцияның бұзылуы арасындағы себеп-салдарлық байланыс анықталмаған. Электрмагниттік өрістердің ағзаға әсерін зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Электрмобильмен жүргенде жүрек айнуы мен бастың ауыруы

Министрлік мұндай құбылыстың жылдамдық алу мен тежеудің, атап айтқанда рекуперативті тежеудің ерекшелігіне байланысты болуы мүмкін екенін айтты.

"Электрмобиль жылдам қарқынмен қозғала алады, ал акселератор педалін жібергенде бірден баяулайды. Кейбір жолаушыларда жиі қайталанатын жылдамдық пен тежеу көру және вестибулярлық жүйелер арасындағы "сенсорлық қақтығыс" деп аталатын жағдайды тудырады",- деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігі.

Сондай-ақ егер жолаушы қозғалыс кезінде кітап оқыса немесе телефон пайдаланса, көлікте жүрегі айну ықтималдығы арта түседі.

Бас ауруына келетін болсақ, оны автоматты түрде көліктің электрмагниттік өрістерімен байланыстырмаған жөн. Салонның желдетілуін, көмірқышқыл газының жиналуын, жоғары температураны, ағзаның сусыздануын, ұйқының қанбауын, стресс пен бұлшықет кернеуін ескеру қажет.

Жүргізушілердің денсаулығына шын мәнінде не зиян тигізуі мүмкін?

Ведомство кәсіби жүргізуші үшін көлік қозғалтқышының түрінен гөрі, еңбек жағдайы маңыздырақ болуы мүмкін екенін атап өтті.

"Ұзақ уақыт отыру физикалық белсенділіктің төмендеуіне және жылу жүктемесіне әкелуі мүмкін. Ерлерде ұма температурасының көтерілуі қалыпты сперматогенез үшін жағымсыз фактор саналады. Сонымен қатар ұзақ отырудың өзі ғана белсіздіктің дәлелденген тікелей себебі ретінде қарастырыла алмайды", - деп жауап берді денсаулық сақтау министрлігі.

Зерттеулер автокөлік орындығын жылыту функциясы ұма температурасын көтеретінін көрсетті. Алайда бұл жылыту жүйесі белсіздікке әкеледі дегенді білдірмейді. Тек оны қажеттіліксіз үнемі максималды температурада қолданбаған жөн.

Ұзақ отыру да импотенцияның немесе өзге де репродуктивті функциялардың бұзылуының тікелей себебі деп есептелмейді. Дегенмен, қозғалыстың аздығы қан айналымы мен бұлшықет жұмысына әсер етуі мүмкін.

Эректильді функцияға шылым шегу, артық салмақ, қант диабеті, жоғары қан қысымы, жүрек-қан тамырлары аурулары, физикалық белсенділіктің аздығы, созылмалы күйзеліс пен ұйқының бұзылуы сияқты факторлар әлдеқайда қатты әсер етеді.

Жүргізушілерге арналған кеңестер

Аялдама кезінде көліктен шығып, біраз жаяу жүру және аяқ, арқа, жамбас бұлшықеттеріне арналған бірнеше қарапайым жаттығуларды орындаған дұрыс. Бұл жұмыс күнінің көп бөлігін рөлде өткізетін жүргізушілер үшін өте маңызды.

Сондай-ақ мынадай ұсыныстар беріледі:

  • ағзаның қатты қызып кетуіне жол бермеу;
  • орындық жылытқышын үнемі және қажеттіліксіз максималды қуатта қолданбау;
  • салонды жүйелі түрде желдетіп тұру;
  • су ішу режимін сақтау;
  • ұйқы қанғанын қадағалау;
  • қалыпты физикалық белсенділікті сақтау;
  • дене салмағын, артериялық қысымды және қандағы қант деңгейін бақылауда ұстау;
  • шылым шегуден бас тарту;
  • потенция немесе репродуктивті денсаулыққа қатысты тұрақты мәселелер туындаса, дәрігерге көріну.

Сонымен қатар қазіргі уақытта белсіздік қаупі болуы мүмкін деген болжамға байланысты электрмобильдерден бас тартуға ешқандай негіз жоқ.

Жүргізушілердің денсаулығы үшін басқа факторлар әлдеқайда маңызды: адамның үзіліссіз рөлде қанша уақыт отыруы, ыстық, қозғалыс тапшылығы, діріл, күйзеліс және ұйқы режимі.

Қорытынды қандай?

Электрмобильдің ерлер немесе әйелдер ұрықтылығын (фертильділігін) қандай да бір нақты пайызға төмендететінін растайтын ғылыми деректер жоқ.

"Сондықтан қазіргі уақытта электрмобиль жүргізушісі көліктің кесірінен белсіздікке немесе потенцияның төмендеуіне ұшырауы мүмкін деп айтуға болмайды. Кәсіби жүргізушілер үшін ұзақ отыру, қызып кету, физикалық белсенділіктің аздығы, созылмалы күйзеліс, ұйқының және еңбек пен демалыс режимінің бұзылуы сияқты факторлар әлдеқайда өзекті",- деп түйіндеді Денсаулық сақтау министрлігі.

Басқаша айтқанда, зерттеулер электрмобиль жүргізушілерінің репродуктивті қабілеті қандай да бір нақты пайызға төмендейтінін анықтаған жоқ.

Сондықтан, егер сапалы клиникалық зерттеу нәтижелері болмаса, электрмобиль фертильділікті, мысалы, 10, 18 немесе 20 пайызға төмендетеді деген мәлімдемелердің ғылыми негізі жоқ.

 

Материал kaz.tengrinews.kz сайтынан алынды. 

Читайте также

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз