Бір спектакль, қос биік: қазақ тетарының жеңісі

Бір спектакль, қос биік: қазақ тетарының жеңісі

фото: www.instagram.com

       Өнердің шекарасы болмайды. Қазақ сахнасынан басталған шығарма өзге елдің көрерменіне жол тартып, халықаралық деңгейде жоғары бағаланса, бұл – тұтас театр өнерінің абыройы. Жуырда Шри-Ланка астанасы Коломбода өткен халықаралық театр фестивалі отандық өнер үшін осындай айтулы жаңалықпен есте қалды.

       22-28 тамыз аралығында ұйымдастырылған XII Халықаралық Коломбо театр фестиваліне әлемнің бірнеше елінен кәсіби театр ұжымдары қатысты. АҚШ, Канада, Үндістан, Дания, Польша, Италия, Сербия, Армения, Испания сынды мемлекеттердің өнерпаздары бақ сынаған байқауда Қазақстан атынан Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры өнер көрсетті.

       Театр ұсынған «Қаһар» моноспектаклі көрермен мен қазылардың назарын бірдей аударып, фестивальдің ең жоғары марапаттарына ие болды. Режиссер Дина Жұмабаеваның қойылымы «Үздік қойылым» аталымында топ жарса, спектакльдегі күрделі психологиялық образды сомдаған актриса Аида Жантілеуова «Үздік актриса» жүлдесін еншіледі.

       Бір спектакльдің екі бірдей биік марапатқа ие болуы – сахнадағы режиссерлік шешім мен актерлік шеберліктің үйлесімін аңғартады. Әсіресе театр өнері қалыптасқан елдердің мықты ұжымдары жиналған байқауда қазақ театрының даралануы – отандық өнердің халықаралық кеңістіктегі беделін тағы бір мәрте айқындады.

       Коломбодан жеткен бұл жеңіс – қазақ сахнасының үні әлемдік театр кеңістігіне еркін жетіп жатқанын көрсететін сүйінші жаңалық. Өнер додасында көк байрақты биікке көтерген театр ұжымының жетістігі – ұлттық өнер үшін ғана емес, қазақ мәдениетінің халықаралық беделі үшін де маңызды белес.

Читайте также

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз