Қоныс аударғандарға 7 млн теңгеге дейін беріледі

Қоныс аударғандарға 7 млн теңгеге дейін беріледі

фото: https://dalanews.kz/kz

       Еңбек күші жетіспейтін өңірлерге өз еркімен қоныс аударатын азаматтарды қолдау тетіктері жаңартылды. Енді жаңа өңірден баспана алуға арналған экономикалық ұтқырлық сертификатының ең жоғары көлемі 7 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.

       Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, өзгерістердің негізгі мақсаты – азаматтардың тек көшіп қана қоймай, жаңа жерде тұрақты өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау.

       Бағдарлама аясында үй сатып алуға берілетін сертификатпен қатар көшу шығындары өтеледі. Сонымен бірге тұрғын үйді жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдердің бір бөлігі субсидияланып, жұмысқа орналасуға жан-жақты қолдау көрсетіледі.

       Жаңартылған жүйе арқылы азаматтар қоныс аудармай тұрып-ақ баратын өңірдегі бос жұмыс орындарын қарап, жұмыс берушіні алдын ала таңдай алады. Осы мақсатта қабылдаушы облыстардың қатысуымен бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылады.

       Бағдарламаға қатыса алатындардың тізімі де кеңейді. Бұрын қолдау негізінен жұмыссыз азаматтарға көрсетілсе, енді сұранысқа ие мамандар, сондай-ақ шаруа және фермер қожалықтарының басшылары да осы мүмкіндікке ие болады.

       Министрлік қызметтердің басым бөлігі цифрлық форматқа көшірілгенін хабарлады. Өтінім беру, көшуге болатын өңірлермен танысу, сұранысқа ие мамандықтарды іздеу және бос жұмыс орындарын таңдау қызметтері migration.enbek.kz платформасында онлайн ұсынылады.

       Айта кетейік, 2017 жылдан бері бұл бағдарламаға 73,9 мың адам қатысқан. Соның ішінде 31 мыңға жуық азамат тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алған.

Читайте также

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз