Қазақстандық режиссер Жаннат Алшанованың толықметражды «Таңдау» (Бикоминг) атты алғашқы фильмі туған елінде көрерменге жол тартқалы отыр. Туындының Қазақстандағы тұсаукесері Алматыдағы Qyzqaras Film Festival аясында өтеді.
Фильмнің әлемдік премьерасы өткен жылы Локарно халықаралық кинофестивалінде көрсетілген. Одан кейін туынды Пусан, Таллин, Гётеборг фестивальдерінің халықаралық кино алаңдарында таныстырылған.
«Таңдау» фильмі Таллин кинофестивалінде үздік копродукция үшін арнайы марапатқа ие болған. Бұл — қазақстандық киноның халықаралық кеңістіктегі тынысын танытатын айтулы жетістіктердің бірі.
Туындының өзегінде он жеті жастағы Мила есімді қыздың тағдыры жатыр. Ол жүзушілер командасына қосылып, еркіндікке ұмтылады. Алайда арманына бір қадам қалғанда, өмірінің бағытын түбегейлі өзгертер шешім қабылдауға мәжбүр болады.
Қазақстан, Франция, Нидерланд, Литва және Швеция бірлесіп түсірген фильмнің көріністері Алматы қаласы мен Алматы облысында түсірілген. Басты рөлдерді Тамирис Жанғазинова, Валентин Новопольски, Әсел Қалиева және Медина Сағындықова сомдаған. Қазақстандық режиссердің бұл еңбегі отандық көрерменге адам тағдырындағы таңдау мен жауапкершілік туралы ой салмақ.