Алматыда тау кластерін дамыту жұмыстары басталды

Алматыда тау кластерін дамыту жұмыстары басталды

фото: ru.wikipedia.org

Алматыда тау кластерін дамыту жобасы аясында дайындық жұмыстары басталды.

Жұмыс «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында, сондай-ақ Бұтақты (Бутаковка) және Кімасар шатқалдарында жүргізіліп жатыр. 

Бұтақты шатқалында мамандар болашақ аспалы жол станциялары орналасатын аумақтарды дайындап, инженерлік-геологиялық зерттеу жүргізіп жатыр. 

Сонымен қатар құрылыс техникасының жүруі және инженерлік желілерді тарту үшін «Бұтақты – 2000 метр» бағытына қарай технологиялық жол салу басталды. Бұл негізгі құрылыс-монтаж жұмыстарына дейінгі қажетті кезең. «Almaty Tau Management» ЖШС – Алматы тау кластерінің басқарушы компаниясының мәліметінше, дайындық жұмыстары шамамен екі-үш аптаға созылады. Сонымен қатар «Шымбұлақ» курортында екі жаңа көтергіштің құрылысы басталды. Оның бірі – төрт орындық аспалы жол, екіншісі – сүйретпе көтергіш. Жаңа нысандар курорттың өткізу қабілетін арттырып, келушілер ағынын тиімді бөлуге және шаңғы тебуге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. 

Кімасар шатқалында болашақ базалық станция орналасатын құрылыс алаңы дайындалды. Барлық учаскеде жасыл желектерге зерттеу жүргізіліп жатыр. Мамандар ағаштардың жағдайы мен орналасуын тіркеп, кейінгі жобалау кезінде табиғи ландшафтты ескеруге және қоршаған ортаға әсерді барынша азайтуға ниетті. Ағаштарды белгілеу олардың жағдайын зерттеу және есепке алу жұмыстарының бір бөлігі. 

Алматы тау кластері «Шымбұлақ» пен Oi-Qaragai курорттарын аспалы жолдар мен тау-шаңғы трассаларының бірыңғай жүйесі арқылы байланыстыруды көздейді. Жоба экологиялық тұрақтылық қағидаттарын ескере отырып, тау инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Атап айтқанда, жер бедеріне әсерді барынша азайту, экологиялық дәліздер мен су ресурстарын сақтау, сондай-ақ тұрақты экологиялық мониторинг жүргізу жоспарланған. 

Келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қар көшкінінен кешенді қорғаныс жүйесі, құтқару бекеттері мен медициналық пункттер қарастырылған. Көлік қатынасын жақсарту мақсатында арнайы тұрақтар, қоғамдық көлік, тегін электр шаттлдары және тау аумақтары арасында, соның ішінде аспалы жолдар арқылы қатынайтын бірыңғай жүйе құру жоспарланып отыр. 

Кластер жыл бойы жұмыс істеп, спортпен және белсенді демалыспен айналысуға, шаңғы мектептерін дамытуға, бұқаралық іс-шаралар өткізуге және нұсқаушылар даярлауға мүмкіндік береді деп күтіледі. Сонымен қатар жоба отбасылық және адаптивті спортқа арналған қолжетімді инфрақұрылымды дамытуды көздейді. Әлеуметтік және инклюзивті бағыт та сақталады. 

Басқарушы компанияның мәліметінше, жоба жүзеге асқан жағдайда 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, жыл сайын 500 миллиард теңгеден астам экономикалық тиімділікке қол жеткізуге болады.

https://24.kz/kz/

 

Читайте также

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз