Алматыда жастардың басын біріктіретін "Аlmа Love» – 2026" жастар фестивалі басталды. Биылғы фестивальдің алғашқы шарасы табиғатты аялауға және туған қалаға деген жанашырлықты арттыруға бағытталған экологиялық акциямен бастау алды.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында өткен «Eco Day» акциясына қаланың әр ауданынан 600-ден астам жас қатысты. Жастар, еріктілер мен белсенділер аулалар мен қоғамдық орындарды тазалап, тұрғындармен кездесіп, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға үндеді.
Биыл фестиваль «Қала сенен басталады» деген ұранмен өтуде. Бұл сөздің астарында маңызды ой бар: туған қалаға деген сүйіспеншілік әдемі сөзден емес, нақты әрекеттен басталады. Өз аулаңды таза ұстау, көшеге қамқорлық таныту, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау – қаланың көркеюіне қосылған әр адамның үлесі.
Экобелсенді әрі блогер Дулат Нәбиевтің айтуынша, фестивальді концерттен емес, пайдалы істен бастау – жастардың азаматтық жауапкершілігін көрсететін жақсы бастама. Әр адам өзі тұратын ортаға жанашырлық танытса, Алматының тазалығы мен жайлылығы да арта түспек.
«Аlmа Love» – 2026 фестивалі 12 тамызға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында қалада білім беру, мәдениет, спорт, шығармашылық және қоғамдық бағыттарды қамтитын ондаған түрлі іс-шара ұйымдастырылады.
Жастар фестивалі Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен өтуде.