Әлемдегі ең бай адамдардың жетістігі – кездейсоқ сәттілік емес, темірдей тәртіп пен күнделікті жүйелі әдеттер нәтижесі. Илон Маск пен Уоррен Баффет сияқты миллиардерлерді біріктіретін басты ерекшелік – олардың ойлау жүйесі мен уақытты тиімді пайдалана білуі. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы baribar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ендеше миллиардердер әдетке айналдырған 5 басты ережеге тоқталайық.
Табанды болу
Табысқа жетелейтін жол әрдайым жеңістерден тұрмайды. Кәсіпкерлер мен шығармашылық адамдарының өмірінде сәтсіздіктер мен қиын кезеңдер аз болмаған. Бастысы – сәтсіздікке мойымай, алға ұмтылу.
Мұны Стив Джобстың өмір жолынан да байқауға болады. Apple компаниясының негізін қалаушылардың бірі болған ол бір кезеңде директорлар кеңесінің шешімімен өзі құрған компаниядан жұмыстан шығарылды. Алайда Джобс мұнымен тоқтап қалмай, басқа жобалармен айналысты. Он жылдан кейін Apple компаниясына қайта оралып, оның дамуына елеулі үлес қосты.
Осындай жағдай Уолт Диснейдің де басынан өткен. Әлемге әйгілі Walt Disney Productions компаниясын құрмас бұрын оның алғашқы анимация студиясы Laugh-O-Gram банкротқа ұшырады. Соған қарамастан Дисней идеясынан бас тартпай, кәсібін қайта жалғастырды.
Британ жазушысы Джоан Роулиңнің де жетістікке жету жолы оңай болған жоқ. Оның «Хәрри Поттер» туралы кітабын бастапқыда ешбір баспа үйі қабылдағысы келмеген. Роулиңге 12 баспа үйі бас тартқан. Тек 13-ші әрекеті сәтті болып, кейін кітап әлем бестселлеріне айналды. Оған дейін жазушы әлеуметтік жәрдемақыға өмір сүрген.
Бұл мысалдардың барлығы бір нәрсені көрсетеді: сәтсіздік – мақсаттан бас тартатын себеп емес.
Кітап оқу
Табысты адамдардың тағы бір ортақ әдеті – кітап оқу. Олар бос уақыттың барлығын сериал көруге немесе көңіл көтеруге жұмсамай, жаңа ақпарат алуға және білімін толықтыруға тырысады.
Кітап оқуды жақсы көретін танымал кәсіпкерлердің бірі — Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс. Ол әлжелілерде оқыған және ұсынатын кітаптарының тізімін жиі бөліседі.
Марк Цукерберг те кітап оқуға уақыт табады. Ол бір кезеңде әр екі апта сайын бір кітап оқуды жоспарлағанын айтып, кейін оқыған шығармаларының ішіндегі үздіктерін оқырмандарына бөліскен.
Бұдан шығатын түйін: кітап оқу – білім алу ғана емес, жаңа идеялар арқылы ой-өрісті кеңейту.
Темірдей тәртіп
Табысты адамдардың тағы бір ерекшелігі – уақытын алдын ала жоспарлау және күн тәртібін сақтау.
Кәсіпкер Илон Масктың жұмыс кестесі сағатпен емес, минутпен жоспарланатыны жиі айтылады. Оның күн тәртібінде жұмысқа қатысты міндеттермен қатар жеке шаруалары да жоспарланған. Мұндай жоспарлау уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Ал Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос күн сайын сегіз сағат ұйықтауға тырысатынын, таңғы сағат 10-ға дейін кездесу жоспарламайтынын және таңғы әрі кешкі асын отбасымен бірге ішетінін жазған.
Бұл әдеттердің барлығы адамның жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтап, күнін жүйелі ұйымдастыруына көмектеседі.
Ерте тұру
Көптеген табысты адам күнін ерте бастауды әдетке айналдырған. Олар таңертеңгі уақытты жұмысқа, жоспар құруға, спортқа немесе жеке істеріне арнайды.
Кәсіпкер Ричард Брэнсон сұхбаттарында таңғы сағат 5 шамасында оянатынын жиі айтады. Оның пікірінше, ерте тұру жұмысқа ғана емес, жеке өмірге де көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.
The Walt Disney Company директорлар кеңесінің төрағасы Роберт Айгер де таңғы 5:30-да оянады. Ол таңертең асықпай газет оқып, электрон поштасын тексеріп, спортпен шұғылдануға уақыт бөледі.
Ал Oxygen Channel компаниясының бұрынғы басшысы Джерри Лейборн таңғы сағат 6-да тұрып, жұмысқа дейін серуендеуді әдетке айналдырған. Оның айтуынша, таңғы серуен оған күні бойына күш береді.
Дегенмен ерте тұрудың өзі табыстың кепілі емес. Мұнда бастысы – өзіңізге жайлы күн тәртібін құрып, оны күнделікті әдетке айналдыру.
Спорт
Табысты адамдар өміріндегі маңызды әдеттердің бірі – дене белсенділігі. Тұрақты жаттығу денені шынықтырып қана қоймай, адамның көңіл-күйі мен психологиялық жағдайына да оң әсер етеді.
Мысалы, Марк Цукерберг жекпе-жек өнеріне қызығады. Ол жұмысқа дейін шамамен бір сағат MMA жаттығуларымен айналысады. Демалыс кезінде және жаз мезгілінде серфиңпен де шұғылданады.
Louis Vuitton брендінің қожайыны, Еуропадағы ең бай кәсіпкерлердің бірі Бернар Арно аптасына төрт сағатын тенниске бөледі.
Ал әлемге әйгілі әнші Мадонна көп жыл бойы йогамен айналысып келеді.
Бастысы – нақты бір спорт түрімен шектелмей, өзіңізге ұнайтын әрі тұрақты айналысуға ыңғайлы дене белсенділігін таңдау.