Жапонияның премьер-министрі Санаэ Такаити қызметіне кіріскелі бері тәулігіне небәрі үш сағатқа дейін ғана ұйықтайтынын айтты. Бұл мәлімдеме қоғамда қызу пікірталас тудырды, деп хабарлайды Kyodo.
Бірі үкімет басшысының еңбекқорлығына тәнті болса, енді бірі созылмалы ұйқысыздықтың ел тағдырына қатысты маңызды шешімдердің сапасына кесірі тиюі мүмкін екенін айтты, деп жазды ҚазАқпарат.
X әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасында Санаэ Такаити өткен жылдың қазан айынан бері толыққанды демалуға мүмкіндік болмай жүргенін айтты. Оның сөзінше, түнгі уақыттың басым бөлігі мемлекеттік құжаттарды қарауға және үй шаруаларына арналады.
Премьер-министр ұлттық мерекеге тұспа-тұс келген ұзақ демалыс күндері жиналып қалған мыңдаған электронды хатты қарап шыққан. Сонымен қатар осы аралықта алғаш рет бес сағат ұйықтауға мүмкіндік туғанын айтты.
Бұл мәлімдеме саясаткерлер мен әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланды.
Оппозициялық Демократиялық халық партиясының жетекшісі Юитиро Тамаки Такаитидің еңбекқорлығын жоғары бағалады. Дегенмен оның айтуынша, премьер-министр міндеттердің бір бөлігін өзге қызметкерлерге жүктеп, тек үкімет басшысы атқара алатын стратегиялық мәселелерге басымдық беруі керек. Сондай-ақ ол толыққанды демалыс тиімді мемлекеттік басқарудың ажырамас бөлігі екенін атап өтті.
Орталық реформаторлар партиясының депутаты Тору Кунисигэ де алаңдаушылық білдірді. Оның пікірінше, созылмалы ұйқысыздық салмақты шешім қабылдау қабілетін әлсіретіп, дағдарыс жағдайында елді басқару тиімділігіне кесірін тигізуі мүмкін.
Бұл Санаэ Такаитидің жұмысқа қатысты мәлімдемесі алғаш рет қоғам назарын аударып отырған жоқ. Ол бұған дейін билеуші Либералдық-демократиялық партияның төрайымы болып сайланғаннан кейін «жұмыс істеймін, тағы да жұмыс істеймін және жұмыс істей беремін» деп мәлімдеген еді. Сол кезде де бұл сөздер Жапонияда жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау саясатына қайшы келіп, шамадан тыс еңбек етуді дәріптей ме деген қызу пікірталас туғызған еді.
Әлеуметтік желілерде де пікірлер екіге жарылды.
Бірқатар қолданушы премьер-министрдің жанкешті еңбегін қолдаса, енді бірі бұл жазба жұрттың жанашырлығын оятуға бағытталған әрекет деп бағалады. Олар үкімет басшысы өз міндеттерін тиімдірек бөліп, шектен тыс жұмысбастылығын көрсетудің орнына басқару жүйесін оңтайландыруы қажет екенін айтты.
Кейбір пікір білдірушілер бұл жазбаның жариялануын Императорлық үй туралы заңға енгізілген өзгерістерден кейін министрлер кабинетінің рейтингі төмендеуімен байланыстырды.
Алайда Министрлер кабинеті бас хатшысы Минору Кихара мұндай жорамалдарды жоққа шығарды. Оның айтуынша, премьер-министрдің сөзі жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдік қағидатынан бас тартуды білдірмейді.
Ал билеуші партияның саяси бөлімінің жетекшісі Такаюки Кобаяси Санаэ Такаитидің еңбекке деген жоғары жауапкершілігін атап өтіп, сонымен қатар оған толыққанды демалысқа да уақыт бөлудің маңызын еске салды.
Ақпарат "ҚазАқпарат" агенттігінен алынды.