Қазақ төлқұжаты Орталық Азияда абыройлы

Қазақ төлқұжаты Орталық Азияда абыройлы

фото: Сапалы Қазақстан

Қазақстан паспорты Global Passport Index 2026 рейтингінде Орталық Азия елдері арасында бірінші орынға ие болды. Жалпы тізімде республика 109-орынға орналасып, өңірдегі барлық көрші мемлекетті басып озды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.  

Рейтингте Қазақстан Мальдив аралдары мен Беларусьтің арасында орналасқан. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Өзбекстан - 123, Қырғызстан – 127, Тәжікстан – 140, ал Түрікменстан 144-орынды иеленді.

Зерттеуге сәйкес, Қазақстан азаматтары 48 елге визасыз сапарлай алады. 

Сонымен қатар Қытай, Беларусь, Тәжікстан, Өзбекстан және Андорра сынды бірқатар мемлекетке жеңілдетілген тәртіппен кіруге немесе шекарада виза рәсімдеуге мүмкіндік бар.

Ал АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция және Жапонияны қоса алғанда, шамамен 85 мемлекетке бару үшін Қазақстан азаматтарына алдын ала виза рәсімдеу қажет.

Рейтинг авторлары сапарға қолжетімді бағыттардың санын ғана емес, сондай-ақ азаматтықтың «күшіне» әсер ететін басқа да көрсеткіштерді бағалайды. Олардың қатарында инвестициялық тартымдылық пен өмір сүру сапасын атауға болады.

Осы критерийлер бойынша Қазақстан кеңейтілген мобильділік индексінде - 112, инвестициялық индекс бойынша - 61, ал өмір сүру сапасы индексінде 112-орынды иеленді. Елдің ең жоғары көрсеткіші инвестициялық тартымдылық бағыты бойынша тіркелді.

Global Passport Index 2026 рейтингіне жалпы 197 ел мен аумақ енгізілген. 

Рейтинг халықаралық мобильділік, инвестициялық тартымдылық және өмір сүру сапасы сияқты үш негізгі санатқа біріктірілген 14 көрсеткіш негізінде жасалады.

Әлемдік рейтингте бірінші орынды Швеция иеленді. Алғашқы бестікке сондай-ақ Швейцария, Финляндия, Германия, сондай-ақ бесінші орынды бөліскен Дания мен Нидерланд енді.

Сонымен қатар Қазақстан халықаралық байланысын кеңейтіп, инвестициялық әлеуетін дамыта отырып, паспорт беделінің көрсеткіші бойынша Орталық Азиядағы көшбасшы мәртебесін сақтап келеді.

 

Ақпарат ҚазАқпарат агенттігінен алынды. 

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз