Орталық Азия енді «Түркістан» деп атала ма?

Орталық Азия енді «Түркістан» деп атала ма?

фото: inbusiness.kz

Анкара елде түркі тарихы мен мәдениетінің маңыздылығына басымдық беретін жаңа білім беру модулін енгізді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ұлттық білім министрлігі оның аясында жаңа мектеп оқулықтарын басып шығарды. Оларда "Орталық Азия" термині біржола "Түркістан" деп ауыстырылды.

Түрік шенеуніктері бұл қадам арқылы аймаққа өзінің тарихи атауын қайтарып жатқандарын алға тартуда. Бұрынғы замандарда түрік тарихшылары мен саяхатшылары бұл аймақты тұтасымен тек "Түркістан" деп атағаны мәлім. Алайда сарапшылар бұл арқылы Анкара Орталық Азиядағы өз ықпалын нығайтуды және аймақпен тығыз байланысын әлемге айқындап көрсеткісі келеді деп топшылады.

Анкара "Түркия Ғасыры" деп аталатын жаңа білім беру модулін енгізді. Оның аясында әдіскерлер түрік мектеп оқушылары мен студенттері, сондай-ақ түрік бағдарламалары бойынша білім алатын шетелдіктер меңгеруге тиіс тарихи тұжырымдамаларды "ұлттық жадқа сәйкестендіру" үшін айтарлықтай жаңартты.

Сонымен қатар, Түркияға сырттан таңылған терминдерді де ауыстыру туралы шешім қабылданды. Енді оқулықтарда Эгей теңізі "Аралдар теңізі", "крест жорықтары" – "крестшілердің басқыншылығы", "географиялық ашылулар" – "отаршылдық саясат" деп аталады. Ал, Орталық Азия жаңа оқулықтарда "Түркістан" деп түпкілікті бекітілді.

Түркияның ұлттық білім министрі Юсуф Текиннің мәлімдеуінше, атауларды өзгертудегі мақсат – түрік балаларының Түркістанды (Орталық Азияны) бөлек аймақ ретінде емес, түркі әлемінің ортақ тарихи кеңістігінің бір бөлігі ретінде қабылдауында жатыр.

Түрік мектептерінің 9-сыныбына арналған "Тарих" оқулығының ең алғашқы бөлімі "Түркістаннан Түркияға" деп аталады. Онда түркі тайпаларының бір бөлігі Алтайдан қалай қоныс аударып, Анадолыға – қазіргі Түркия аумағына тап болғаны сипатталады. Бұған дейін түрік тарих оқулықтарында қазіргі түріктердің шыққан өлкесі Орталық Азия деп жалпы аталып келген еді. Енді олар өздерінің Қазақстаннан келгенін көрсетіп отыр.

Түркия халқының өзі бұл жаңалықты әртүрлі қабылдады. Реформа қоғамда үлкен резонанс тудырды. Төменде Түркия азаматтарының "Орталық Азия" атауының "Түркістан" деп өзгертілуіне қатысты байламдарын ұсынамыз. Пікірлер Instagram әлеужелісінің түркиялық сегментінен алынды және түрік тілінен аударылды.

Пікір білдіруші Түркия азаматтарының бір бөлігі бұл өзгеріске қатысты сын-ескертпесін айтты.

fatih_skn25: "Сонша түркішіл болсаңдар, "Мен түрікпін, адалмын, еңбекқормын!" деп басталатын "Оқушы антын" неге алып тастадыңдар? Қайта енгізілуін қалаймыз". erdem12274 никті пайдаланушы тарих оқулығының өзгертілуі түлектердің мектеп бітіру емтиханын ауырлатып, оны тапсыруды қиындатады деп қорқады.

"Атауды өзгерту білім беру сапасын өзгертпейді. Балалардың басына зорлап түрлі, тіпті кейде қайшы ақпарат тығып, кейін емтиханда өзгеше сұрақ қойып, емтихан жүйесі мен мектептің жұмысын кереғар ете берсеңіздер, білімді адам қалмайды, бәрі бұзақы болып шығады. 2026 жылғы LGS соншалықты қиын болды. Сұрақтардың жауабы ұрланып, 719 адам 500 балл алған екен", – деді Ердем.

Ayisikmahmut: "Құрметті министр мырза, өте жақсы іс атқардыңыз. Қосымша өтінішім: мектептердегі "Ұлы түркі тұлғалары" бұрышынан Шыңғыс ханды алып тастай аласыз ба? Ол түркі емес, моңғол ғой?". ll_doguk4n: "Министр мырза, егер шынымен түрікшіл болсаңыз, онда неге күнделіктер мен оқулықтардан Мұстафа Кемал Ататүрікті алып тастадыңыз? Құр сөзбен алдарқатпай, іс істеңіз. Даңқты "Оқушы антын" қайта енгізіңіз". dav_utm: "Осындай істеріңіздің салдарынан басқа көзқарасты қабылдай алмайтын, тек "түрік жақсы, түрік бәрінен үстем" деп ойлайтын балалар тәрбиеленіп жатыр".

maidekostak: "Егер министріміз профессор ретінде осындай қате шешім қабылдап отырса, басқасына не шара? Мәселе мынада: Орта Азияның ішінде Тәжікстан деген иран-парсы текті республика бар. Енді Орта Азияны "Түркістан" деп атағанда, Тәжікстанды қай жерге қосасыз? Әлде оны мүлде жоқ деп есептей саламыз ба? Мен тәжікпін, мұндай шешімді қате деп санаймын".

Дегенмен, әлеужеліде түркиялықтар жазып жатқан мыңдаған комментарийлердің басым бөлігі Орталық Азияның тұтасымен "Түркістан" деп қайта аталуын қызу құптады. Олардың да сөздерін бере кетуді жөн көрдік.

srdr.aaa: "Алтайдан Дунайға дейін құлаш ұрып жатқан Түркістан мен Тұран жұртына сәлем! Түркі рухы мәңгі!". seyma__gultekin: "Орта Азия" деген ұғымның тұжырымдамалық негізі Батыстан шыққан, бізге таңылған. Еуропалықтардың түсінігін ғана білдіретін бұл атауда басқа құндылық жоқ. Сондықтан бұл өзгерісті өте орынды санаймын. Түбі түркінің Отаны саналатын Қазақстанда бұл ұғым – қасиетті. "Түркістан" ұғымы түркілердің негізгі ата-жұртын нұсқайды және олардың шынайы болмысын дұрыс әрі сапалық сауатты сипаттайды".

Profyusuftekin: "Түркістан ұғымын қолдаймын. "Түркия Ғасыры" білім беру моделі арқылы жүрегі ел мен ұлтқа деген сүйіспеншілікпен соғатын, тарихқа деген санасы күшті, шынайы түсіну қабілеті дамыған және тұлғалық қасиеті қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеуді мақсат етеміз...".

ibrahim266434: "Алла разы болсын, министрім. Өз түп-тамырымызға қайта оралайық, иншалла!". cisilkaya1: "Арабтарға жақындадық – болмады. Күрдтерге жақындадық – мән шықпады. Еуропаға жақындадық – қабылдамады. Соңында айналып дұрыс жолды таптық. Түркінің түркіден басқа досы жоқ. Кешіксе де дұрыс қадам".

aysecelik991: "Осындай рухқа деген жанашырлық біздің бала кезімізде де болғанда ғой. Бірақ жаңа буын үшін жасалып жатқан осы білім реформасына рахмет. Түп-тегімізге оралып жатырмыз". havvagull_81: "Мектеп оқулықтарына басылған "Түркістан" картасы Шығыс Түркістанды да қамтиды екен. Ол – көлемі 1,8 миллион км² болатын ұланғайыр түркі жұрты".

XI–XII ғасыр аралығындағы "Түркістан" өңірінің картасы. Сурет таяуда басылған, түркиялық мектептердің 10-шы сыныптарына арналған "Тарих" оқулығынан алынды.

yasemince.ironi61: "Түркістан" ұғымына оралу ұлттық санасы таза ұрпақ тәрбиелеу, түп-тегімізді тану. Осы арқылы балаларымыздың бойына терең тамырлы ұлттық болмыс сезімі сіңіріліп, жалпы білім беру моделінде өмірдің нақты қиындықтарын жеңе алатын, жаттап алмайтын, өндіре алатын тұлғалар тәрбиелеу көзделіп отыр. Иншалла, бұл көзқарас қағаз жүзінде ғана қалып қоймай, жақын арада жүзеге асады. Әсіресе адамгершілік тұрғысынан да, жалпы алғанда да балаларымыз үшін өте жақсы нәтижелер әкеліп, елімізге, халқымызға игілік сыйлауын шын жүректен тілеймін. Түркі болып бірігіп, әлемді дүр сілкіндірейік. Жастарымызды өз болмысымызға қайтара алайық! Әйтпесе, жастарымыз еуропаланып, қолдан сусып барады.

songulbilgin925 білім министріне қайрылып, енді Қазақстан, Өзбекстан және басқа Түркістан елдерінің тарихын тереңдетіп оқытуды ұсынды: "Түркістан" ұғымы өте дәл әрі орынды. Құрметті министрім, рақмет. Ұлттық, төл тамырына берік болайық. Түркістан елдерін жан-жақты таниық, балаларымызға тарихын үйретелік. Көшбасшымыз Ататүрік өмірінде ешқашан "Эгей теңізі" деп атамаған, оны "Аралдар теңізі" деген. Ататүрік қайтыс болған соң Инөнү соны пайдаланып, елге опасыздық жасап, 1940 жылы мыңдаған жылдық Аралдар теңізінің атауын Эгей деп еуропаша өзгертті. Мұндай жат атауларды мүмкіндігінше тезірек алып тастаңыздар!".

Aysstunn: "Орталық Азия" деді – бөлді. "Араб" деді – бөлді. "Күрд" деді – бөлді. Оңшыл, солшыл, алеви, сүннит және тағы басқа бөлді. Арамызды ажыратып, іргемізді алыстатып, іріткі салды, ыдыратуға тырысты. Еуропаның, Ресейдің мақсаты – билеу еді. Ішінара биледі де. Енді міне, Режеп Тайып Ердоған келді, түркіні біріктіруде".

sahmesut.kyrgyz – "Орталық Азия" атауын таңу – бұл осы географиялық кеңістікті бөлшектеп, оның төл болмысынан айыруды көздеген отаршылдық сананың әрекеті болса, қайтадан "Түркістан" рухына бет бұру – мыңжылдық терең өркениеттің өзегіне әрі бірлігіне қайта оралу еркі".

Erganiseker: "Рақмет, құрметті министр. Табыстарыңыздың жалғасын тілеймін. Өз түп-тамырымызға қайта оралып, осы уақытқа дейін бізге қате үйретілген барлық мәліметті қайта қарау қажет. Тіпті мектептерде Осман мәдениеті мен тілін оқыту керек. Тарих пен мұрағаттарға қайта үңіліп, көмескі қалған деректерді жарыққа шығару қажет. Мұрағаттарымыз бен білім қорымызға көбірек мән берілуге тиіс".

adem_ertugrul1: "Міне, енді өз тамырымызға қайта оралып жатырмыз. Иә, біздің тегіміз белгілі. Ол – түркі. Соған еге болайық".  erdogan_sahinoglu_ortaokulu: "Бұған тек бір атауды екіншісімен алмастыру деп қана қарамаған жөн. Ұғымдар халықтың тіліне, ал, тіл ой-санаға бағыт береді. Барша түркі жұртын тарихи әділеттіліктің орнауымен құттықтаймын". hak_soy: "Türkistan Turan Birliği".

Профессор Джемшит Байбарс: "ІІ Әбдулхамид туралы айтылатын бір сөз бар. Одан: "Османлы мемлекетін 33 жыл бойы осыншама зұлмат заманда қалай ұстап тұрдыңыз?" деп сұрағанда, ол: "Маған сыртқы күштер және елдің игілігін қаламайтындар қандай кеңес берсе, керісінше жасадым" депті. Білім министрі Юсуф Текиннің білім жүйесіндегі бұл өзгерісін сынайтындардың бір бөлігі Түркияның ұлттық және рухани құндылықтармен күшеюін қаламайды деп ойлаймын. Өз тарихына, мәдениетіне және құндылықтарына еге ұрпақтың тәрбиеленуі кейбір ортаға ұнамауы мүмкін. Әрине, әркімде әртүрлі пікірі болады: сын айту да демократияның табиғи бір бөлігі. Бірақ Түркияның күшті, саналы және өз құндылықтарына берік ұрпақ тәрбиелеуге талаптануы бәріміз үшін маңызды. Әсіресе, жастардың түп-тамырынан ажырамай өсіп-жетілуі, адамгершілігі жоғары, саналы және отанына адал тұлғалар болуы үшін жүргізіліп жатқан күресті құнды деп санаймын", – деп қорытындылады Джемшит мырза.

Сердан Йылдыз (serdanyildiz) есімді пайдаланушы түркі елдері ішінде қазақ тілінде сақталған "ғ", "қ", "ң" сияқты түркі дыбыстарын, байырғы сөздерді де қайтарып, түрік тілін байытуды ұсынды.

"Түркістан атты байырғы атауды қайтарумен шектелмеген жөн. Фонетика, фонология, лексикология, этимология салалары тұрғысынан зерттеу жұмысы жүргізілуі керек. Мысалы, мұрыннан айтылатын және басқа бірегей дыбыстар қазақтарда сақталған, олар үшін түрік тілінде жаңа әріптер белгіленуге тиіс. Себебі, біз қолдануды тоқтатқан дыбыстар, көптеген сөздер Түркістанда әлі де сақталған. Олар да бізді байытар еді. Бұл бастама түркі әлемімен байланыстарымызды одан әрі күшейтеді деп санаймын. "Тілдегі, ойдағы, істегі бірлік!" қағидасының алғашқы қадамы, тіл бірлігі ортақ әліпбиден басталады деп ойлаймын", – деді Serdan Yildiz.

Ақпарат inbusiness.kz сайтынан алынды. 

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз