Алатауға апарар жол жаңарады

Алатауға апарар жол жаңарады

фото: baribar.kz

       Алдағы уақытта Үлкен Алматы көлі маңындағы туристік инфрақұрылым жаңа серпін алмақ. Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, бұл өңірге апаратын жолдар күрделі жөндеуден өткізіліп, келушілерге қолайлы жағдай жасау бағытындағы ауқымды жұмыстар қолға алынған.

       Жоба аясында «Алматы – Космостанция» автожолы мен «Алма-Арасан» шипажайына баратын кіреберіс жол жаңартылып, ұзындығы 26 жарым шақырымнан асатын жол толық жөнделеді. Сонымен қатар автотұрақтар салынып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен қолайлылығы арта түспек.

       Бұдан бөлек, Үлкен Алматы көліне апаратын аспалы жол станциясының жобасы әзірленген. Бұл бастама табиғатқа түсетін салмақты азайтып, экологиялық таза көлік түрін дамытуға және туристердің сұлу мекенге қолжетімділігін жақсартуға бағытталған.

       Сондай-ақ көлге дейінгі жаяу жүргіншілер соқпағы да заман талабына сай қайта жасақталады. Ұзындығы 5,3 шақырым болатын жаңа бағытта демалыс орындары, шолу алаңдары, фотоаймақтар, бағыттаушы белгілер мен ақпараттық тақталар орнатылып, күрделі тұстарда баспалдақтар мен арнайы өткелдер салынады.

       Бұл жобалардың барлығы табиғаттың көркін сақтай отырып, туристерге жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауды көздейді. Ендеше, көрікті Көкше емес, көркем Алатаудың баурайындағы Үлкен Алматы көліне саяхаттау алдағы уақытта бұрынғыдан да қолайлы бола түспек.

Читайте также

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз