Қазақстанда туристік бағыттарға қатынау мүмкіндігі кеңейіп келеді. Жаңа туристік маусым қарсаңында көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқын алды.
Көлік министрлігінің мәліметінше, Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Ал күрделі жөндеуден өткен Балқаш әуежайы туристерді қабылдай бастады. Үржар әуежайында жолаушылар терминалын жаңғырту қолға алынған.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында жаңа әуежайлар салынып жатыр. Бұл өңірлердің туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Жазғы маусымда Алакөл, Балқаш, Түркістан, Бурабай және Каспий теңізі бағыттарына әуе қатынасы күшейтілді. Қазіргі таңда аталған туристік бағыттар бойынша аптасына 45 рейс орындалады.
Көлік саласындағы жаңғырту тек әуе қатынасымен шектелмейді. Туристік нысандарға апаратын автожолдар жөнделіп, теміржол инфрақұрылымы да жаңартылуда. Биыл Алматы – Өскемен тасжолындағы негізгі жұмыстар аяқталып, жол жүру уақыты айтарлықтай қысқарды. Сондай-ақ бірқатар теміржол вокзалдары жаңғыртылып, туристік бағыттарға қосымша пойыздар қатынай бастайды.
Осылайша, елімізде демалыс орындарына жету бұрынғыдан да қолжетімді әрі қолайлы бола түспек.