Қытайдың ірі өнеркәсіптік провинциясы Қазақстанда өз орталығын ашты

Қытайдың ірі өнеркәсіптік провинциясы Қазақстанда өз орталығын ашты

фото: https://pixabay.com/

Ол қытай компанияларына қызмет көрсететін сервистік хаб ретінде жұмыс істеп, инвестиция, логистика және сауда байланыстарын күшейтуге жол ашады

Қазақстанда Цзянсу провинциясының Орталық Азиядағы орталығы ашылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Сауда және интеграция министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, сауда-экономикалық ынтымақтастық форумы кезінде орталықтың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Сауда министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, Астанадағы Цзянсу орталығының ашылуы өзара тиімді серіктестіктің заңды жалғасы әрі жаңа өндірістік тізбектерді қалыптастырудың тиімді құралы болады.

Бүгінде Цзянсу провинциясының өнеркәсіптік өндіріс көлемі әлемдік өндірістің шамамен 4 пайызын құрайды. Цзянсу компаниялары Қазақстанда 63 инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр.

"Бұл көрсеткіш провинцияның Орталық Азия елдеріне салған инвестицияларының жалпы көлемінің 47 пайызына тең", - дейді Шаққалиев.

Ал Астанада ашылған Орталық Азиядағы Цзянсу орталығы қытайлық компанияларға арналған бірыңғай сервистік хаб қызметін атқарады. Орталық консалтингтік қолдау көрсетіп, көрме қызметін ұйымдастыруға және "Жібек жолы" электронды коммерциясын дамытуға жәрдемдеседі.

Форум кезінде тағы бір маңызды құжатқа қол қойылды. Оған сәйкес, Ақтау портында жаңа контейнерлік жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жоба "есіктен шекараға дейін" қағидаты бойынша құрылатын бірыңғай логистикалық тізбектің құрамдас бөлігіне айналады.

Бұдан бөлек, алдағы уақытта Цзянсу провинциясына қазақстандық бидай, ет және бал өнімдерін жеткізу көлемін ұлғайту көзделіп отыр.

Дерек көзі: https://sputnik.kz

Жазылу