Қазақстанда қылмыстық және әкімшілік амнистия әзірленіп жатыр. Парламент депутаттары амнистияның шарттарын нақтылайтын заң жобаларын дайындады.
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның айтуынша, құжаттар президенттің жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты жариялаған амнистиясынан кейін әзірленген.
“Әкімшілік амнистия аясында осы заң күшіне енгенге дейін орындалмаған әкімшілік айыппұлдар бойынша жеке тұлғалар, кәсіпкерлік субъектілері, жеке нотариустар, адвокаттар, қандас мәртебесі бар адамдар және жалпы Қазақстан азаматтары әкімшілік жауапкершіліктен босатылады”, – деді депутат.
Әкімшілік амнистия заң күшіне енген сәтке дейін төленбеген айыппұлдарға қатысты болады.
Алайда адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін құқықбұзушылықтар рақымшылыққа ілінбейді. Олардың қатарында қызыл шамға өту, жылдамдықты асыру және мас күйінде көлік жүргізу бар.
Ал қауіпсіздік белдігін тақпағаны және көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланғаны үшін салынған айыппұлдар амнистияға енуі мүмкін.
Оған қоса Снежанна Имашева әкімшілік рақымшылық қалай жүргізілетінін айтып берді.
“Айыппұлдардың нақты санын айта алмаймын, бірақ жалпы сомасы бірнеше миллиард теңге болады. Негізінен бұл ішкі істер органдары салған айыппұлдар. Айыппұлдардың шамамен 90%-ын ішкі істер министрлігі салады. Оның басым бөлігі жол қозғалысы ережесін бұзуға қатысты”, – деді депутат.
Депутаттың айтуынша, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жол ережесін бұзу деректеріне рақымшылық қолданылмайды
“Бұл бағдаршамда қызыл жанғанда өту, жылдамдықты асыру, мас күйде көлік жүргізуге қатысты. Ал қауіпсіздік белдігін тақпағаны немесе телефон қолданғаны үшін салынған айыппұлдар рақымшылыққа ілігуі мүмкін. Өсімпұлдар мен айыппұлдардың өзі де есептен шығарылады. Бұл президенттің тапсырмасы. Әкімшілік рақымшылық алғаш рет өткізіліп жатыр. Бұл азаматтардың жүктемесін азайтып, айыппұлдардан босатуға бағытталған алғашқы тәжірибеміз”, – деді ол.
https://stan.kz/