Баланың денсаулығы ең алдымен дұрыс тамақтанудан басталады. Себебі тағам — ағзаның тіршілік көзі. Ол адам ағзасын энергиямен қамтамасыз етіп қана қоймай, өсуіне, дамуына, иммунитетінің қалыптасуына және ой-санасының жетілуіне әсер етеді. Әсіресе балалар үшін тағамның сапасы мен құрамы аса маңызды.
Мамандардың айтуынша, бала ағзасы үнемі өсіп, дамып отыратындықтан, олардың тағам рационында ақуыз, май, көмірсу, дәрумендер мен минералдар жеткілікті болуы қажет. Әсіресе кальций, темір, фосфор, сондай-ақ А, D, B және C дәрумендері балалардың сүйек жүйесі мен жүйке жүйесінің дұрыс қалыптасуына көмектеседі.
Балалардың күнделікті ас мәзірі барынша әртүрлі болғаны жөн. Рацион құрамында дәнді дақылдар, көкөністер мен жемістер, сүт өнімдері, ет пен балық секілді табиғи өнімдер болуы керек. Дәрігерлер өсімдік және жануар тектес ақуыздарды қатар қолдануға кеңес береді. Бұл бала ағзасына қажетті аминқышқылдарының толық түсуіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ауыр қорытылатын және шамадан тыс майлы тағамдарды шектеу маңызды. Қуырылған картоп, фастфуд, майлы бәліштер мен кремді тәттілер балалар денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ қырыққабат, пияз, бұршақ тұқымдастар секілді кей өнімдерді де мөлшерден тыс бермеген дұрыс.
Мамандар балалар тағамын әзірлеу кезінде құрғақ сорпа, дәм күшейткіштер мен түрлі тағам концентраттарын қолданбауға шақырады. Себебі олардың құрамында тұз, консервант және жасанды қоспалар шамадан тыс болуы ықтимал.
Ал газдалған және бояғыш қосылған сусындардың орнына табиғи шырындар мен таза су берген жөн. Үш жасқа дейінгі балаларға арнайы сертификатталған балалар шырындарын таңдау қауіпсіз саналады.
Бүгінде мектеп жасындағы балалар арасында асқорыту жүйесі аурулары жиілеп келеді. Сондықтан балаға жастайынан дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру өте маңызды. Уақытылы әрі пайдалы ас ішкен бала сергек, белсенді және дені сау болып өседі.
Дұрыс тамақтану — баланың болашағына салынған инвестиция. Себебі сапалы тағаммен өскен ұрпақ қана дені сау, білімді әрі бәсекеге қабілетті қоғам қалыптастырады.
Алматы қаласы Түрксіб ауданы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Анель Берікбайқызы Мусаева