ЖИ нейрохирургияда: теріні кеспей, ісікті дәл анықтауға болады
Жасанды интеллект (ЖИ) медицинада, әсіресе нейрохирургия саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Нейрохирург Абылай Серікбай ЖИ көмегімен 700-ден аса ота жасаған.
Абылай Серікбайдың айтуынша, ЖИ дәрігерлерге күрделі шешімдерді дәл қабылдауға көмектеседі.
— Нейрохирургия саласындағы ЖИ деген не? Бұл үлкен көлемдегі мәліметтерді талдап, олардың заңдылықтарын анықтап, дәрігерлерге нақтырақ шешім қабылдауға көмектесетін технология. Біздің тәжірибемізді алатын болсақ, нейронавигация — жәй ғана құрал. Ал біз сол навигацияға ЖИ көмегімен дайындалған МРТ суреттерін енгізіп, операция кезінде нақты шешім қабылдауға мүмкіндік аламыз. Біз операцияға дейін МРТ суреттерін өңдейміз. Мысалы, ісік пен жүйке жолдарының өте маңызды қарым-қатынасын, ісіктің нақты шекарасын, маңызды функционалдық аймақтарды анықтап, көрсете аламыз, — дейді нейрохирург.
Оның сөзінше, бұл технология операция барысында да кеңінен қолданылады.
— Біз мұны тек операцияға дейін қолданбаймыз. Оны операция кезінде де нейронавигациялық жүйеге енгізіп, ота барысында қолдана аламыз. Нақтырақ айтсақ, науқастың терісін де кеспей жатып, ісіктің шекарасын анықтаймыз. Сосын кішкентай ғана жерді кесіп, нақты бізге керек жерге түсіп, ота жасауға мүмкіндік бар. Бұл бізге уақыт үнемдеуге көмектеседі. Бізге дейінгі радиологтар қолмен есептеп, ісіктің шекарасын анықтап отыратын. Бірақ қазір біз оны арнайы бағдарламаға енгізіп, бірнеше минуттың ішінде біле аламыз. Әрине, оның артынан тексеріп шығады. Өйткені ол ойнайтын нәрсе емес, адам денсаулығы. Әр миллиметр біз үшін маңызды. Бір миллиметр артық кесіп алсақ, науқастың маңызды функциясы зақымдануы мүмкін, — дейді студия қонағы.
Дәрігер сондай-ақ өз тәжірибесіндегі ең ұзақ операциялардың бірі туралы да айтып берді.
— Менің ең ұзақ жасаған отам 22 сағатқа созылды. Бұл күнделікті жасалатын операция емес. Бірақ кей жағдайларда жасауға тура келеді. 19 сағат тек өзім жасаған отам да бар. Бірақ бұл операцияда әріптесіммен ауысып отырдық: ол бастады, сосын мен оны ауыстырдым, арасында 3-4 сағат ұйықтап алдық. Бірақ Құдайға шүкір, бәрі жақсы өтті. Науқас өз аяғымен, көңілді болып үйіне оралды. Ота өте күрделі болды, — дейді Абылай Серікбай.
Маманның сөзінше, қазіргі технологиялардың дамуы нейрохирургиядағы операциялардың дәлдігін арттырып, науқастардың сауығу мүмкіндігін едәуір жақсартуға сеп болып отыр.
Бұған дейін Қазақстанда осы саладағы күрделі оталардың 80% ел ішінде жасалатыны айтылды.
Дерек көзі:https://kaz.inform.kz