Елімізде ең төменгі жалақы 150 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін

Елімізде ең төменгі жалақы 150 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін

фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/YevgeniySam

       Қазақстанда ең төменгі жалақыны екі есе көтеру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Мұны үкімет кулуарында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді. 

       Әмриннің айтуынша, халықтың нақты табысын арттыру мәселесі қазір бірнеше бағыт бойынша пысықталып жатыр. Соның бірі – ең төменгі жалақы мөлшерін қайта қарау.

       “Ең алдымен ең төменгі жалақы мәселесі қарастырылып жатыр. Иә, мұндай мәселе күн тәртібінде бар”, – деді ол.

       Вице-министр қазір ең төменгі жалақы 85 мың теңге екенін еске салды. Оның сөзінше, көптеген елде ең төменгі жалақы медианалық жалақының 50%-ына дейін жетеді.

       “Демек жақын уақытта ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін жеткізу жоспарымыз бар”, – деді шенеунік.

       Алайда Азамат Әмрин әзірге нақты мерзімін атаған жоқ. Оның айтуынша, бұл ең алдымен бюджет мүмкіндігіне байланысты болады.

       “150 мың теңге қашан болатынын дәл қазір айта алмаймын. Бұл – өте кешенді әрі күрделі мәселе. Барлығы бюджет мүмкіндігіне байланысты. Қазір жылдық түсімдердің қалай болатынын қараймыз. Егер осы қарқын сақталса, мұны жүзеге асыруға мүмкіндік туады”, – деді ол.

       Ең төменгі жалақы, жұмыс беруші қызметкерге бір айлық толық жұмыс күні үшін төлеуге міндетті ең аз ақша мөлшері. Сонымен қатар ол кейбір салықтарды, әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік жәрдемақыларды есептеуге негіз болады. Ең төменгі жалақы өссе, түрлі төлемдер мен еңбекақының ең төменгі мөлшері де өзгереді.

       https://stan.kz/

Жазылу