Мұны "Қазақтелеком" АҚ қолға алғалы жатыр.
Бұл қуанышты жаңалықты компания басқарма төрағасы Бағдат Мусин "Самұрық-Қазына" АҚ Қоғамдық кеңесінің отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, алаяқтық қоңырауларға қарсы арнайы бағдарламалық қамтамасыз ету қаралған. Ол күмәнді қоңырауларды анықтап, тиісті колл-орталықтарға бағыттап жібереді. Бұл орталықтар Бас прокуратурамен бірлесіп құрылған.
– Біз мұндай қоңырауларды анықтап, арнайы колл-орталықтарға жолдаймыз. Қазіргі уақытта осындай қоңыраулардың шамамен 6%-ын тоқтатып отырмыз. Ал 100% қамту үшін қуатымызды шамамен 20 есеге арттыру қажет. Сондықтан, операторлар санын геометриялық прогрессиямен көбейтпей, мәселені тиімді шешу үшін ЖИ модельдерін әзірлеудеміз. Болашақта олар қоңырауларды автоматты түрде өңдеп, азаматтарды алаяқтардан қорғауды қамтамасыз етеді, – деді Бағдат Мусин.
Шыны керек, телефон алаяқтығына қарсы күрес тұрақты жұмысты талап етеді. Өйткені, қаскөйлер қорғаныс технологияларына тез бейімделіп алады.
Сондай-ақ, бұл бағыттағы жұмыс Бас прокуратура және Ұлттық банк жанындағы Антифрод-орталықпен үйлестіріліп жүргізілуде. Президент тапсырмасы аясында ведомствоаралық өзара іс-қимыл да жолға қойылып отыр.
– Біз тек ұсыныстар әзірлеп ғана қоймай, нақты шараларды жүзеге асырып жатырмыз. Атап айтқанда, телекоммуникация желілерінде азаматтарды алаяқтық қоңыраулардан қорғайтын арнайы бағдарламаларды енгізудеміз, – деп толықтырды "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы.
Дерек көзі: https://inbusiness.kz