Алматы қаласында "STOP бұзушылық" тақырыбында ауқымды жедел алдын алу іс-шарасы аясында жолдарда жасырын патрульдеу форматы енгізілді, деп хабарлады "Сапалы Қазақстан" порталы.
Бұл – патрульдік полиция қызметкерлерінің азаматтық киімде, арнайы белгілері жоқ автокөліктермен жалпы көлік ағынында қозғалып, қызмет атқаруын білдіреді, деп жазды polisia.kz.
Негізгі мақсат – жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректерін анықтау, әсіресе агрессивті жүргізу фактілерін әшкерелеу.
Олардың қатарында күрт жолақ ауыстыру, "шахмат" тәсілімен жүру, басқа көліктерді қысып өту және апаттық жағдайлар туындату секілді қауіпті әрекеттер бар.
Аталған құқық бұзушылықтарды тіркей отырып, жасырын патрульдер ақпаратты нақты уақыт режимінде жақын маңдағы патрульдік полиция экипаждарына жолдайды. Кейін сол экипаждар көлікті тоқтатып, жүргізушіні заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартады.
Бұл тәжірибе өзінің тиімділігін көрсетті. Тек өткен демалыс күндерінің өзінде Алматы қаласында агрессивті жүргізудің 28 дерегі анықталып, жолы кесілді. Барлық құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды.
ПД мәліметінше, жасырын патрульдеуді енгізу жүргізушілердің тәртібін арттыруға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, әсіресе қауіпті жүргізу мәнерінен туындайтын апаттардың санын азайтуға бағытталған.
"Жасырын патрульдеу – көзге бірден түсе бермейтін өрескел құқық бұзушылықтарды анықтаудың тиімді құралы. Полиция қызметкерлері жалпы көлік ағынында жүріп, жүргізушілердің нақты мінез-құлқын бақылайды. Әсіресе агрессивті жүргізу – "шахмат" тәсілімен жүру, күрт маневр жасау және өзге де қауіпті әрекеттер басты назарда. Мұндай фактілер жедел түрде жақын маңдағы экипаждарға жеткізіліп, тиісті шаралар қабылданады. Біздің міндет – тек жауапкершілікке тарту ғана емес, қауіпсіз жүргізу мәдениетін қалыптастыру, – деді ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Абдинур Тасыбаев.