фото: pixabay.com
Алматы қаласында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактілері, оның ішінде қауіпті жүргізу және түнгі жарыстардың көбеюі тіркелді, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы.
Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, жолдағы жағдайды тұрақтандыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында саптық бөлімшелер тарапынан рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.
Соңғы үш тәулік ішінде қала жолдарында 5 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталды. Мас күйінде көлік басқарған 43 жүргізуші ұсталып, барлығы көлік басқару құқығынан шеттетілді. Сонымен қатар, 369 азаматтың көлікті тиісті құжаттарсыз басқарғаны белгілі болды. 94 автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.
Полиция қызметкерлері қауіпті жүргізу, оның ішінде түнгі жарыстар деректерін анықтап, жолын кесті. Бұдан бөлек, жылдамдықты шамадан тыс арттырудың 2 мыңнан астам фактісі тіркелді.
Ведомство мәліметінше, кейбір жүргізушілер өз құқық бұзушылықтарын әдейі бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялау арқылы жазасыздық сезімін қалыптастыруға тырысады. Алайда әрбір осындай дерек бақылауда, құқық бұзушылар анықталып, заң аясында жауапкершілікке тартылады.
Солардың бірі – Әл-Фараби даңғылында орын алған оқиға. Жүргізуші автокөлігін сағатына 250 шақырым жылдамдыққа дейін үдеткен. Оның жеке басы жедел түрде анықталып, ұсталды. Бірнеше құқық бұзушылық бойынша әкімшілік материалдар толтырылып, сот шешімімен ол 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Полиция департаменті қауіпті жүргізудің ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін еске салып, барлық жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Ақпаратты Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через