фото: pixabay.com
Мектепке бармайтын балалар мен жастар саны 7 жыл қатарынан өсіп, 273 миллион адамға жетті, деп хабарлайды Азертадж.
ЮНЕСКО-ның 2026 жылғы Білім саласын мониторингілеу жөніндегі жаһандық есебіне сәйкес, әлемде мектепке бармайтын балалар мен жастар саны жетінші жыл қатарынан артып, 273 миллион адамға жеткен, деп жазды kaz.inform.kz. Бұл өсім халық санының артуымен, дағдарыс және білім беру бюджетінің қысқаруымен байланысты.
Есепке сәйкес, әлемдегі мектеп жасындағы әрбір алтыншы бала білім беру жүйесінен тыс қалған.
Ал оқушылардың тек үштен екісі ғана орта мектепті аяқтайды. Дегенмен кейбір елдер айтарлықтай жетістікке жетіп отыр, бұл ұлттық жағдайды ескере отырып саясат жүргізудің маңызын көрсетеді.
2026 жылы жарияланған есеп 2015 жылдан бері әлемнің көп аймағында мектепке қатысу көрсеткіштерінің өсуі баяулағанын көрсетеді. Ең ауқымды баяулау Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінде байқалады, бұған негізінен халық санының тез өсуі себеп болған. Сонымен қатар бірқатар дағдарыс, соның ішінде қақтығыс та бұл үрдісті тежеген. Әлемдегі балалардың алтыдан бірінен астамы қақтығыс аймақтарында тұрады, бұл ресми статистикадан тыс қалған балалар санының әлдеқайда көп екенін білдіреді.
Бұл мәселе әсіресе Таяу Шығыста өткір, мұнда аймақтық шиеленіс көптеген мектептің жабылуына әкелген. Соның салдарынан миллиондаған бала білім алу мүмкіндігінен айырылып, оқуда артта қалу қаупіне ұшыраған.
Соған қарамастан, есеп соңғы жылдары жаһандық білім беру саласында елеулі жетістіктер бар екенін де атап өтеді. 2000 жылдан бері бірқатар ел мектепке бармау деңгейін кемінде 80%-ға қысқартқан. Мысалы, балалар арасында Мадагаскар мен Того, жасөспірімдер арасында Марокко мен Вьетнам, ал жастар арасында Грузия мен Түркия жақсы нәтижелер көрсеткен.
Соңғы 25 жылда әлеуметтік осал топтарды қолдауға арналған білім беру қаржыландыру тетіктерін қолданатын елдер саны төрт еседен астам артқан. Бұл мектептер мен оқушыларға тікелей қаржы бөлу сияқты шараларды қамтиды. Қазіргі таңда елдердің 76%-ы қолайсыз жағдайдағы мектептерді қолдауға бағытталған стратегияларды қолданады. Алайда жаңа индекс көрсеткендей, елдердің тек 8%-ы ғана бұл тетіктерді толық пайдаланып, әлеуметтік осал топтарға ресурстарды тиімді бөле алады.
Есеп қорытындысы бойынша, білімге қолжетімділікті қамтамасыз етудің бір ғана шешімі жоқ. Саясат жергілікті жағдайды ескеріп, кешенді түрде құрылуы және ғылыми деректерге негізделуі тиіс.
Ақпарат kaz.inform.kz сайтынан алынды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через